Экономика

Ақылы ақыл айла ма әлде пайда ма?

Сіз ақыға ақыл алып көрдіңіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазіргі нарық заманында «1 айда миллионер бол!», «Қарыздан құтылып қалталы бол», «Бақытты әйел болудың құпиясы» сынды тақырыбы таңдай қақтырар жарнамалар желіде самсап тұр. Иә, оңай олжаға кенеліп, бақытты болудың оңай жолына жетуді кім қаламасын. Бүгінде бақытты болу мен байлыққа жетудің төте жолын оңай түсіндіріп беретін ақкөңілдер қатары көп екендігі таң қалдырады. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп әліптің артын баға білген халқымыз оңай келген дүниенің оңай кететінін әу баста-ақ ескерткен.  Әрине, жетістікке жетудің оңай жолы жоқ. Қарапайым адамнан оқытып «миллионер» шығарам деу тасбақаға жүгіруді үйретемін дегенмен бірдей. Маңдайға біткен бақ деген болады. Ойлаңызшы, соншама еңбектеніп қол жеткізген жетістігінің сырымен кім оңай бөліскісі келсін? «Миллиондап ақша табуды үйретемін» деген адамның өзі неге байып кетпей, сізге ақылын жарнамалап ақша табуда? «Аңқау елге арамза молда жолығады» дегендей, сапасынан саны басым тренерлер қатары күн санап көбейіп келеді. Аталмыш басқосулардың ең ауқымдысы – баюдың, ақша табудың жолдары.

Оқытудың бір формасы ретінде пайдаланылған тренинг терминін ұғымға алғаш Манфред Форверг ХХ ғасырдың екінші жартысында енгізген. Бұл саланың қазіргі миссиясы – бизнес. Яғни, ақылын ақыға сатып, ақша табудың бір түріне айналған. Бастауы  батыстан болған бұл саланың біздің дүниесезімге көреғар тұстары да жоқ емес. Айталық, өзім біраздан бері оқитын бір танымал психолог  бар . Психологиялық тұрғыда мотивация беретін пайдалы жазбалары қызықты-ақ. Бір күні әлгі мотиваторым ақша шақырады деп жасыл нәскиді жарнамалап жатыр екен. Иә, иә кәдімгі күнделікті аяққа киетін жіптен жасалған шұлық. Сіздегі шұлықтан айырмашылығы тек түсінде. Айтуынша, эзотерика іліміне сәйкес жасыл нәски киіп жүрсе қарыздан құтылады екен-мыс. Сондай-ақ ешкімді сүйе алмасаңыз жасыл мәйкі, жұмысқа орналаса алмай жүрсеңіз гардеробыңызды ауыстырып, түгелдей жасылданып жүруіңіз керек екен. Жасылдану синдромына күдік білдіргеннен көзсіз сенушілер қатары көбірек екен. Не дәстүрде, не дінде жоқ нәскиден нәсіп күткендерге не дерсіз?…

Бір танысым жарнамасы жер жарған осындай бизнес тренингтердің біріне қатысып, шебер оратордың шешендігіне тамсанып, еріксіз бас изеп отырғанын айтқан еді.

Алайда бизнес саласына қатысты өзім шетелдік танымал бизнесмендердің орыс тіліне аударылған кітаптарын оқыған едім. Таныс сөздер құлағыма іліккенде,  ішімнен кітап оқуға ерінетіндерге жақсы жол екен деп ойладым. Бизнесте жетістікке жеткендердің ұлағатты сөздерін тізбектеп айтумен мысалдар келтіріп, жаттанды ақыл-кеңестерді боратып жатқанын сол жердегілердің бірі білсе бірі білмес. Дегенмен, мотивация мүлде болмады демеймін, болды. Аудиториядан бәріміз үрленген шардай тырсылдап шықтық. Шыққаннан кейін де әсерінен айыға алмай сол тақырып аясында әңгімелеумен болдым. Алайда айналасы 1-2 күннің ішінде желі шыққан шардай солдым да қалдым. Оның бәрі уақытша  сөз құдіреті екенін түсініп, уақытым мен ақшамның зая кеткенін ұқтым.

Семинар- тренингтердің ең арзаны кемінде 10-15 мың теңгеден бастау алады. Бұдан өзге сізбен жеке жұмыс жасайтын vip нөмірлер де қарастырылған. Сонымен қатар, қазіргі заманауи технологиялар заманында сіз оған барып, ол сізге келіп артық әуреге түспейтін «тікелей эфир» байланысудың оңай тәсілі бар. Парақшасында жазылушылар саны мыңнан асып жығылып миллионға жететін танымал өнер жұлдыздары да жаңа бизнес түрінен қалыс қалмаған. Жақында осы наурыз айында басталып жатқан 5 күндік семинар тренингке көзім түсті. Бағасы 5 мың теңге. Тікелей эфирге күніне 1 сағатын арнап, әр адамнан 5 мың теңгеден алғанда, шамамен 3 мыңдай жазылушы қатысқан күнде 15 миллион теңгенің иесі атана кетеді. Байқауымша үйде бос отырғандар мен дектреттік демалыстағы аналардың қызығушылығы басым екен. Бала-шағасының аузынан жырып қалғандағы жемісі жемісті болса мейлі екен. Қарыздан құтылудың жолын іздеймін деп қарызға батып жүргендер қаншама.

Айналасы 1-2 сағатттың ішінде кәсіпкерліктің қыр-сырын игеремін деу бос әурешілік. Бай болудың кілті екі сағаттық ақыл тыңдауда емес, қажырлы еңбекте жатқанын бағамдау керек.

Мұнымен біз тренер психологтардың жұмысын жоққа шығармаймыз. «Талғамға талас жоқ» дегенмен ол сол істің нағыз маманы ма, әлде жай қызыл сөз шебері ме? «Ең оңай іс – біреуге ақыл айту» демекші, өзі кәсіп бастамай тұрып, кәсіпкерлікті бастау жолдарын, бірнеше мәрте сәтсіз некеде болып, отбасы берекесі жайлы, өзі ақша табудың көзін іздеп жүріп, баю жолдарын көрсетушілерге еріп, ақша мен уақытымызды жоғалтып алмайық. Әрине, ондай мамандар керек. Тек өз ісінің маманы болса, отбасы берекесін сақтауда, адам бойындағы қабілеттерді ашуда көмегі тиетіні рас. Алдайда ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келетіндер желдей ескен жеңіл сөз жетегінде кетіп жер сипап қалмаса екен дейміз.