Weekend
Билік басындағылардың осы қозғалысқа деген пікірі теріс еді, және қоғам қызметін мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бақылауға алды. «Жас тұлпар» жетекшілері қуғын, бопса, доңайбат көрді, ұлтшыл деп қорланды
1963 жылы Мәскеу қаласында қазақ жастары бірігіп "Жас тұлпар" бейресми бірлестігін құрды. Жастар ұйымы өздерін қазақ мәдениетін ту етіп, үгіттейтін, мәдени-ағартушылық ұйымбыз деп таныстырды.
Бірлестікке ұйытқы болғандардың ішінде Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, Алтай Қадыржановтар болды. Ұйым құрамында 1000-нан аса студент болған. Кейін Ленинград, Киев, Алматы, Одесса, Рига, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Семей, Шымкент және өзге қалаларда осыған ұқсас ұйымдар пайда болды. Мысалы Қарағандыдағы атауы – «Жас қазақ», Семей қаласында – «Тайшұбар».
Осылайша, «Жас тұлпар» бірлестігі бейресми студенттер қозғалысына айналды. Ұйымға ұйытқы болғандар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауылдарға экспедициялар, концерттер, дәрістер ұйымдастырып, қазақ тілі мен мәдениетін дәріптейтін ұлтшыл-дәстүршіл қоғам қызметін атқарды.
1966 жылы ақпан айында бірлестіктің белсенді мүшелері бастаған бір топ студент Алматыдағы қазақ студенттерімен кездесуге келді. Кездесу 8-9 ақпандарда Қазақстанның Жазушылар одағы мекемесінде өтті. Дәл осы күндері Алма-ата медицина институтының жүз шақты студенті сабақты орыс тілінде жүргізуге қарсы наразылық білдіріп, сабаққа келмей қойған.
Билік басындағылардың осы қозғалысқа деген пікірі теріс еді, және қоғам қызметін мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бақылауға алды.
«Жас тұлпар» жетекшілері қуғын, бопса көрді, оларды ұлтшыл деп қорлады. Коммунистік жастар одағының комсомол органдары бөлімінің анықтамаларында «ұлтшылдық» сипаттағы үнпарақтардың таралғаны, одақтан бөлініп, тәуелсіз қазақ мемлекетін құру қажеттігі жөнінде домалақ хаттардың көбеюі жөнінде де хабарланды.
Өз заманында «Жас тұлпар» бірлестігі бірталай қазақ жастарының ақыл-ойын оятып, қазақы бір шоғыр халықтың жүрегіне үміт ұялатты, серпін берді. Жас тұлпаршылардың бастауымен «Гүлдер», «Дос-Мұқасан», «Айгүл» ансамбльдері құрылды. «Қайта құру» жылдарында «Жас тұлпардың» бұрынғы белсенділері «Невада-Семей» ядролық жарылысқа қарсы қозғалысын ұйымдастыруға қатысты.