Саясат

КСРО-ға қарсы шыққан мектеп оқушылары

Оқушылар ұлтшылдық сипатындағы ой-пікірлермен бөлісті, өлеңдер шығарды, қазақтарға «бабалар жолын жалғайық» деген ұранмен үнпарақтар жасап, Павлодарда таратқан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алпысыншы жылдары социалистік жүйенің шектеулеріне, қазақ халқының құқықтарына шек қойылып жатты. Үлкен дүрбелең болмаса да, халықтың ішінде үлкен наразылық жиылып қалған болатын. Оған қарсылық білдіргендер қатарында сол уақыттың еркіндікке деген бірден-бір үміттері, мектеп оқушылары бар еді. Жас болса да бас болған белсенді жастар шығып жатты. Солардың бірі – 1969 жылы «Жас ұлан» ұйымын құрған комсомол Арман Қаниев.

Мектеп-интернаттың тоғызыншы сынып оқушысы, Коммунистік жастар одағының мүшесі Арман Қаниев Павлодар мен Ермак қалаларының ондаған оқушыларынан құралған жасырын жастар ұйымын құрды. Кейін олар бес адамнан құралған ұйым «комитетін» ұйымдастырып, «комитеттің» төрт жалпы жиналысы мен бес жалпы отырысын өткізді.

Ұйымның жарғысы, оның құрамына кіретіндерге арналған сауалнамалар болды, мүшелік жарналар жиналды, адалдық анттары берілді, хаттамалар жүргізілді, өз құпия сөзі болатын болған.

Оқушылар ұлтшылдық сипатындағы ой-пікірлермен бөлісті, өлеңдер шығарды, қазақтарға «бабалар жолын жалғайық» деген ұранмен үнпарақтар жасап, Павлодарда таратқан.

Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің анықтамасында жасұланшылар турасында былай делінген: «Павлодардағы мектептердің бірінде ән пәнін оқытатын Р. Нұрбасаров маңына таныс оқушылар жинап, оларға ұлтшыл бағытта үгіт-насихат жүргізген, қазақтардың ұлттық мәдениетінің құлдырауы, қазақ жастары ана тілінде білім алу керектігі, ұлттық салт-дәстүрді және тіл тазалығын сақтау қажеттілігі жөнінде үгіттеген».