ДАМУ
Мемлекет басшысының халықаралық әуе хабтарын дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмасы аясында еліміздің авиация саласында маңызды өзгерістер орын алуда. Қазақстан әуежайларында әуе керосин бағасы төмендеуде. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, — деп хабарлайды Bugin.kz
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
photo: Astana Times
2026 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз–Аэро» ұлттық компаниясы еліміздің бас қақпалары — Алматы мен Астана әуежайларында әуе компанияларына жанармайды тікелей жеткізуді бастады. «Қанатқа құю» тәсілі делдалдарды тізбектен шығарып, бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл қойды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстан әуежайларында әуе керосинді өткізу бағасы тоннасына 1000 АҚШ долларыннан аспайды. Жаңартылған баға бойынша Turkish Airlines, Fly Dubai, Air Cairo, Somon Air, AJet, Pegasus Airlines, Red Sea Airlines, One Air, Hungary Airlines, Fly Meta әуе компаниялары жанармаймен қамтамасыз етілді.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев авиация саласындағы маңызды өзгерістер тек билет бағасына ғана емес, жалпы ел экономикасына берер пайдасы зор екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, отын құнының төмендеуі авиация саласындағы тізбекті реакцияны іске қосады.
«Отын бағасы төмендесе, әуе билеттері де арзандайды, логистика құны қысқарады және жаңа авиакомпаниялар тартылады. Бұл – әуе экономикасының ең маңызды факторларының бірі», – деді Нұрлан Сауранбаев.
Ал энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженовтің мәлімдеуінше, Президент тапсырмасынан кейін авиаотын нарығында бағаның айтарлықтай құлдырауы байқалды. Егер бұған дейін ұшаққа құюға дайын керосиннің тоннасы 1200 доллар болса, қазір бұл көрсеткіш 940 долларға дейін түсті. Министрлік мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта бағаны 890 долларға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай жиынында әуе тарифтері мен авиакеросин бағасының жоғары екенін сынға алып, Үкіметке бұл мәселені қысқа мерзімде шешуді жүктеген болатын.