ҚОҒАМ

Бюрократиясыз байланыс: eOtinish арқылы 2025 жылы 5 миллионнан астам өтініш қабылданған

eOtinish платформасы мемлекет пен бұқара арасындағы цифрлық диалогтың жаңа деңгейіне шықты. «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың негізгі құралына айналған eOtinish платформасы арқылы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 5 миллионнан астам өтініш қабылданған, — деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: gov.kz

2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енген eOtinish жүйесі мемлекеттік басқару ісінде өтініштерді қабылдау мен өңдеуден бастап, олардың орындалуын бақылауға дейінгі барлық үдерістерді толық автоматтандыруға мүмкіндік туғызды. Бүгінде әрбір азамат онлайн режимде өтініш мәртебесін қадағалап қана қоймай, жауаптардың сапасын бағалап, қажет болған жағдайда сотқа шағымдана алады. Бұл тетік мемлекет пен халық арасында ашық әрі азаматтарға түсінікті цифрлық орта қалыптастырды.


«Бүгінде eOtinish мемлекет пен халық арасындағы цифрлық өзара іс-қимылда маңызды рөл атқарып, азаматтардың жоғары сеніміне ие болып отыр. «ҰАТ» АҚ командасы жүйені одан әрі ыңғайлы әрі тиімді ету бағытында жүйелі түрде дамытып келеді. Қазіргі таңда біз жедел әрекет ету мен деректерді талдауға арналған жасанды интеллект көмекшілерін енгізу және жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді ҰАТ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Исабекова.


Бірыңғай цифрлық платформа іске қосылғанға дейін өтініштерді тіркеу үдерісі әр ведомствоның ішкі арналары арқылы жүргізілетін. Бұл азаматтар азаматтар үшін қолайсыздық тудырып, үдерістердің ашықтығын төмендететін және ведомствоаралық бақылау мүмкіндіктерін шектейтін. eOtinish жүйесінің енгізілуі аталған барлық үдерістерді бір арнаға тоғыстырып, орындау мерзімдерінің сақталуы мен мемлекеттік аппарат жұмысының ашықтығын қамтамасыз етті.

Платформаның қолданыс аясының кеңеюі статистикалық көрсеткіштерден айқын көрінеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жүйе арқылы жеке тұлғалардан 4 миллионнан астам, ал заңды тұлғалардан 1 миллионға жуық өтініш келіп түскен. 2024 жылмен салыстырғанда жүйеге қабылданған өтініштердің жалпы саны шамамен 1 миллионға артқан.