ҚОҒАМ
Қазақстанда әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін әлеуметтік қолдау шаралары кеңейтілді. Енді олар жылына бір рет ел аумағында жолаушылар пойыздарымен тегін қатынай алады, — деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Google AI
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, аталмыш бастама әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың отбасы мүшелерімен бірге сапарлау мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
«Тегін жол жүру құқығы тек Қазақстанның ішкі бағыттары бойынша қатынайтын жолаушылар пойыздарына ғана таралады. Сонымен бірге тиісті шығындар ұлттық компания – «Қазақстан темір жолы» қаражаты есебінен өтеледі», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ экономика және тасымалды есепке алу департаментінің бас менеджері Айнұр Базарбаева
ІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов жобаны іске асыру барысында белгіленген талаптардың жіті бақылануы қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ әлеуметтік қолдау әскерилердің әлеуметтік қорғанысын күшейтіп қана қоймай, отбасылық бюджетті үнемдеуге, жол шығындарын азайтуға да мүмкіндік беретінін жеткізді.
Мемлекеттік реформалардың игілігі тек әскерилерге ғана емес, олардың жақындарын қолдауға бағыт алды. Бүгінде әскери қызметшілердің балаларын арнайы сауықтыру лагерьлерінде демалдыру және мансабын аяқтаған офицерлерді азаматтық мамандықтарға бейімдеу бағдарламалары қарқынды дамып келеді. Мұндай қадамдар заманауи қазақстандық армияның жаңа әлеуметтік моделін қалыптастыруда маңызды саналады.