ТЕХНОЛОГИЯ
2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру аясында елімізде балаларды психологиялық диагностикалау және сүйемелдеуге бағытталған бірыңғай цифрлық платформа құрылады, деп хабарлайды Bugin.kz
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Google AI
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.
Жаңа платформа балалардың психологиялық және мінез-құлық ерекшеліктерін жүйелі түрде талдауға, олардың эмоционалдық күйін тұрақты бақылауға және қолдауды қажет ететін балаларға атаулы көмек көрсетуге бағытталған. Цифрлық форматқа көшу ведомствоаралық әрекеттерді оңтайландырып, функциялардың қайталануын жояды, сондай-ақ мамандардың жұмыс жүктемесін айтарлықтай жеңілдетеді.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасының аясында педагог-психологтар институтын дамытуға және балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйені толықтай жаңғыртуға басымдық беріледі.
Атап айтқанда, келесі шараларды іске асыру жоспарланып отыр:
- Білім беру бағдарламасына балалардың эмоционалдық интеллектін дамыту сабақтарын қосу.
- Зорлық-зомбылық құрбандарына арналған оңалту кабинеттерін ашу.
- Психолог мамандардың кәсіби стандарттарын бірегейлендіру және біліктілігін арттыру жүйесін реформалау.
- Мамандарды киберқауіпсіздік және дағдарыстық психология бағытында оқытуды міндеттеу.
- Бала мен отбасын қолдаудың негізі ретінде кейс-менеджмент институтын нығайту.
- Қылмыстық процестер мен ведомствоаралық жұмыстарда психологтардың міндетті қатысуын заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету.
Бұл бастамалар психологиялық жұмысты жүйелі профилактикалық арнаға бұруға, педагог-психолог мамандардың кәсіби мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде еліміздің кез келген өңіріндегі әрбір балаға сапалы, үздіксіз және кәсіби психологиялық қолдау көрсету кепілдендіріледі.