ДАМУ

Қазақстан 2027 жылы энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізеді

Қазақстан 2027 жылға қарай ішкі нарықты электр энергиясымен толық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. 2029 жылға қарай еліміз энергия тапшылығын жойып қана қоймай, қуат көздерін артығымен өндіру деңгейіне жетеді. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Google AI

Энергетика министрінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта іске асырылып жатқан жобалар ортамерзімді кезеңде экономиканың электр энергиясына сұранысын толық өтеуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның энергия жүйесін жаңғырту жоспары аясында Курчатовта жаңа электр станциясы, ал Екібастұзда МАЭС-3 станциясы салынады. Жаңа нысандарда экологиялық қауіпсіздікті сақтайтын заманауи таза көмір технологиялары қолданылмақ.

Сондай-ақ Қазақстанның энергетикалық кешенінде жаңғырту жұмыстары қатар атқарылып жатыр. 2026 жылға қарай қолданысқа берілетін 2,6 мың МВт-тан астам қосымша қуат елдің энергия жүйесін нығайта түспек. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар жүйедегі іркілістердің алдын алып, энергия беру сапасын арттырады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің энергетика саласында айтарлықтай өсім байқалды. Қазіргі таңда республиканың жалпы белгіленген электр қуаты 26,7 ГВт-қа жетіп отыр. Генерацияның негізгі бөлігін дәстүрлі энергия көздері құрайды.

Айта кетейік, еліміздің энергетика саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі ауқымды стратегиясы аясында 26 ГВт-тан астам жаңа генерация қуатын іске қосу жоспарлануда.