Саясат

Әміржан Қосанов: «Менің билікке еш қатысым жоқ»

Жүрген жерімде Алтынбекті, Заманбекті, осы күнге дейін түрмеде отырған азаматтарды айтам. Осы сайлауға түсіп отырмын. Менің аузымды ешкім жаба алмайды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан президент сайлауына үміткер Әміржан Қосанов өзінің қазіргі Қазақстан билігімен байланысын жоққа шығарып, демократиялық күштердің өкілі екенін жеткізді.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы сайлау әділ өтеді деген уәдесін Орталық сайлау комиссиясы жалғастырып жатқан сияқты. Мен соған үміттеніп отырмын. Өйткені сайлау біраз сынақтан тұрады екен. Бірінші құжат сынағынан, екінші тіл сынағынан өттік. Енді міне, қол жинау сынағы тұр. Әрине, біз сайлаудың заңнамасын сынап келе жатырмыз. Сынаймыз. Бірақ шешінген судан тайынбас, бекінген сайлаудан тайынбас. Біз бекіндік", - деді Қосанов ОСК брифингінде.

Әміржан Қосанов өз сөзінде қазіргі билікпен байланысы жоқ екенін айтты.

«Қазір біраз адамдар бізге «Ақорданың жобасы сайлауға түсіп жатыр» деп айтып жатыр. Мен айтайын, 1999 жылы сайлауға түскен Серікболсын Әбділдин «Ақорданың» жобасы болды ма? 2005 жылы шыққан Алтынбек Сәрсенбай, Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов, мен, Ермұрат Бәпи қатысқан сол «Әділетті Қазақстан» қозғалысы жоба болды ма? Сондықтан шетелде отырған біраз ағайынға айтқым келеді, қойыңыздар. Біз елдің ішінде жүрміз, заңды сынасақ та осы Конституция негізінде әрекет жасаймыз. Ел бар, халық бар. Осы халықтың дауысы билікке жетуі керек. Президентті халық өзі сайлау керек деген оймен келіп отырмыз. Менде қорқыныш жоқ, айналайын. Менде үміт бар. Ол осы билік бізді тіркеу арқылы үлкен қадам жасап отыр. Біраз адамдар «Қосановты тіркей ме, тіркемей ме?» деп айтты. Мәселе Қосановта емес, мәселе – менің өмірбаянымда, артымда кімдердің тұрғанында. Жүрген жерімде Алтынбекті, Заманбекті, осы күнге дейін түрмеде отырған азаматтарды айтам. Осы сайлауға түсіп отырмын. Менің аузымды ешкім жаба алмайды. Тағы да қайталап айтамын, сайлау заңнамасын толықтай мойындап, сынасақ та сол заңнама аясында қызмет жасаймыз», - деді ол.