ТЕХНОЛОГИЯ
Әлемдік медиа нарығының көшбасшыларының бірі – америкалық «Washington Post» газеті қызметкерлерін жаппай жұмыстан босатуды бастады. BBC таратқан мәліметке сәйкес, бұл жолы қысқартулар спорт және жергілікті жаңалықтар бөлімдерін, сондай-ақ басылымның халықаралық тілшілер желісін қамтыған, деп хабарлайды Bugin.kz
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: oxu.az
АҚШ-тың ең ықпалды басылымы Washington Post-ты миллиардер Джефф Безос сатып алғаннан кейін (2013 ж.) газет заманауи медиа трендтерге бейімделе бастады. Оқырманға басылымның 2017 жылдан бері қолданып келе жатқан «Democracy Dies in Darkness» ұраны белгілі. Бұл сөздер газеттің ақпараттық ашықтық пен демократиялық құндылықтарды қорғаудағы басты қағидасын айқындайды.
«Бұл – қиын шешім. Егер аман қалып қана қоймай, дамуды ойласақ, журналистикамыз бен бизнес-моделімізді қайта форматтап, жаңа амбицияларымызды оятуымыз керек», – деп жазды газеттің атқарушы редакторы Мэтт Мюррей Мюррей 4 ақпан күні қызметкерлерге жолдаған үндеуінде.
Washington Post басшылығының штат санын қысқарту туралы шешімі басылым ішінде үлкен қарсылыққа тап болды. Қызметкерлер мен бұрынғы жетекшілер бұл қадамды басылымның болашағына балта шабу деп бағалап отыр. Әсіресе, 2021 жылға дейін газеттің бас редакторы қызметін атқарған Марти Баронның пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ол болып жатқан жағдайды басылым тарихындағы «Қаралы күндердің бірі» деп сипаттап, редакцияның ішкі тұтастығына қауіп төнгенін ашық айтты.
Қысқартулардың себебін түсіндірген газеттің атқарушы редакторы Мюррей кейінгі үш жылда жасанды интеллект қарқынды дамып, басылымның интернет-трафигі күрт төмендегенін айтқан. Қысқартулар жарияланар алдында шетелдегі тілшілер мен жергілікті репортерлер Безосқа жұмыс орындарын сақтап қалу туралы өтініш білдірген. Алайда технологиялық бәсеке мен қаржылық оңтайландыру бұл өтініштен басым түскен.