БІЛІМ

Қазақстанда ғалымдардың еңбекақысы 25 пайызға артпақ

Қазақстанда ғалымдардың еңбекақысын төлеу жүйесі қайта қаралады. Ғылым және жоғары білім министрлігі зерттеушілердің еңбегін ынталандыру мақсатында қолданыстағы жүйені жаңғыртуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Жалғасбек Тоқтамысов

Ғылыми жобаларды іске асырушы мамандардың лауазымдық жалақысын белгілейтін жаңа ережелер күшіне енбек. Өзгерістерге сәйкес, гранттық және нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі коэффициенттерді қайта қарау көзделген. Нәтижесінде отандық зерттеушілердің жалақысы 25 пайызға жуық көлемде өседі деп күтілуде.

Жаңа есептеулерге сәйкес, ғылым жолына жаңадан қадам басқан, тәжірибесі аз кіші ғылыми қызметкерлердің базалық жалақысы (үстеме ақысыз) 432,2 мың теңгеден басталмақ. Ал 25 жылдан астам еңбек өтілі бар профессорлар мен бас ғылыми қызметкерлердің табысы 1,4 млн теңгеге жуық (1 396,9 мың тг) болады.

Сонымен қатар материалдық ынталандыру тек өтілмен шектелмейді. Ендігі кезекте ғалымның іс-тәжірибесі мен нәтижелілігіне баса назар аударылады. Көрсеткен нәтижесіне қарай мамандарға негізгі айлықтан бөлек 47,5 мыңнан 522,5 мың теңгеге дейінгі аралықта қосымша ақы төленуі мүмкін. Ол үшін ғалымдардың кәсіби біліктілігі мен белсенділігі негізгі параметрлер бойынша бағаланбақ.

Бұл ретте маманның соңғы бес жылдағы мынадай нәтижелері есепке алынады:

- Ғылыми еңбектер мен зияткерлік меншік: Жарық көрген мақалалар, монографиялар және авторлық құқықты растайтын қорғау құжаттары;

- Педагогикалық қызмет: Жоғары оқу орындарында кемінде 3 кредит көлемінде дәріс оқу тәжірибесі;

- Білікті кадрлар даярлау: Қазақстанда PhD немесе бейіндік доктор дәрежесін иеленген шәкірттер тәрбиелеу;

- Практикалық нәтиже: Ғылыми әзірлемелерді нақты өндіріс саласына енгізудің ресми дәлелденген көрсеткіштері.

Бұл түзетулер Жоғары аудиторлық палатаның ұсыныстарын ескере отырып, ғалымдарды әлеуметтік жағынан қорғау және ғылым саласының беделін арттыру мақсатында әзірленген.

Қазіргі таңда құжат жобасы ашық талқылау кезеңінде. Ел азаматтары мен кәсіби қоғамдастық өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін 2026 жылдың 16 ақпанына дейін білдіре алады.