ДЕНСАУЛЫҚ

Ғалымдар Альцгеймер кезінде жадының жоғалуын бәсеңдетудің жаңа тәсілін тапты

Ғалымдар Альцгеймер ауруы кезінде жадының жоғалуына ықпал етеді деп есептелетін PTP1B ферментін тежейтін терапияның жаңа әдістерін әзірлеуде. Жаңа зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ғалымдар жады мен ойлау қабілетін біртіндеп бұзатын нейродегенеративті Альцгеймер ауруы кезіндегі жадының жоғалуын бәсеңдетудің жаңа тәсілін анықтады, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Shutterstock/FOTODOM

Нью-Йорктегі Cold Spring Harbor коммерциялық емес зертханасының мамандары PTP1B ферменті мен жадының нашарлауы арасындағы байланысты ашты. Тәжірибелік тышқандарға жүргізілген зерттеу бұл ферменттің Альцгеймер ауруы кезіндегі когнитивті функциялардың төмендеуіне тікелей әсер ететінін дәлелдеді.

PNAS дерегіне сүйенсек, зерттеу нәтижелері аталған ферменттің иммундық жасушалар арасындағы ақпарат алмасу процесінде атқаратын тың қызметін айқындап берді. Бұл жаңалық PTP1B ферментін нысанаға алу арқылы Альцгеймер ауруын емдеудің ұтымды әдіс екенін дәлелдейді.

Зертхана профессоры әрі жұмыс жетекшісі Николас Тонкс PTP1B ферментін 1988 жылы ашқаннан бері оның ағзадағы қызметін 30 жылдан астам уақыт бойы зерттеп келеді. Тонкс бастаған ғалымдар тобы бұл ферменттің белсенділігін тежеу арқылы мидағы «Ақуыздық қоқыстарды» — амилоид-β (Aβ) түйіндіктерін жоюға болатынын анықтады. Бұл процесс мидың микроглия деп аталатын қорғаныс жасушаларының жұмысын қайта жандандыру арқылы жүзеге асады.

Зерттеу барысында PTP1B ферментінің миды тазартатын SYK ақуызымен тығыз байланыста болатыны белгілі болды. Ғалымдар тапқан жаңа тәсіл — PTP1B-ні бұғаттау арқылы жасушаларға «екінші тыныс» беріп, миды зиянды түйіндіктерден арылтуға көмектеседі. Сонымен қатар бұл фермент Альцгеймердің негізгі себепшісі саналатын семіздік пен қант диабетін емдеуде де маңызды рөл атқарады.

Бүгінде ғалымдар PTP1B тежегіштерін жасап шығару арқылы Альцгеймерді емдеудің жаңа жолын ұсынып отыр. Профессор Тонкстың идеясы бойынша жаңа препараттарды қазіргі уақытта мақұлданған дәрілермен бірге қолдану емнің тиімділігін арттырмақ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінгі таңда науқастарға көбіне донепезил (ерте кезеңде) және мемантин (кеш кезеңде) тағайындалады. Жаңа ингибиторлар осы емдеу хаттамасын айтарлықтай күшейтуі мүмкін.

Зерттеу жетекшісі Николас Тонкстың айтуынша, жаңа терапияның негізгі міндеті — Альцгеймер дертінің дамуын бәсеңдету. Бүгінде әлемде 55 миллионнан астам адам деменциямен өмір сүріп жатыр, оның ішінде Альцгеймер ауруы негізгі үлесті (70%-ға дейін) құрайды.