БІЛІМ

Қазақстандық колледж педагогтері халықаралық «ETF Green Skills Awards 2025» жаһандық додасында топ жарды

Еуропалық білім беру қоры (ETF) ұйымдастырған «Green Skills Awards 2025» байқауының қорытындысы бойынша қазақстандық колледж оқытушыларының жобасы үздік деп танылды. Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің арнайы пән оқытушылары — Досан Қарашаев пен Айнұр Ондаханова халықаралық «ETF Green Skills Awards 2025» байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Gov.kz

Еуропалық оқыту қоры (ETF) ұйымдастырған бұл додада оқытушылар «Заманауи білім беру бағдарламаларының жасыл технологияларды дамытудағы рөлі» атты бірегей авторлық жобасын қорғап шықты. Олар өз жұмыстарында жаңартылатын энергия көздерін оқу бағдарламасына интеграциялаудың тиімді жолдарын көрсетіп, болашақ кадрлардың экологиялық мәдениеті мен кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру қажеттілігін ғылыми тұрғыда дәлелдеді.

Халықаралық жобаға әлемнің 50-ден астам елінен 250-ден аса үміткер қатысып, іріктеу бірнеше кезең бойынша жүргізілді. Бірнеше күрделі іріктеу кезеңінен мүдірмей өткен маңғыстаулық ұстаздар халықаралық сарапшылар алдында өз жобаларының бірегейлігін дәлелдеп шықты. Кәсіби шеберліктің арқасында отандастарымыздың еңбегі әлем бойынша ең үздік 5 жобаның қатарына енді.

«Green Skills Awards 2025» байқауы биыл Италияның Турин политехникалық университетінде «ЕО – Италия энергетика күндері: энергетикалық ауысуды қамтамасыз ету және нығайту бойынша жаңа іс-қимылдар» атты халықаралық конференция аясында өтті.