ҚОҒАМ

11 ақпан - Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні

Бүгін әлемде ғылымдағы әйелдер мен қыздар күні атап өтілуде.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен әйелдер мен қыздардың ғылымдағы халықаралық күні ғылыми ортадағы тең мүмкіндіктердің маңыздылығын дәріптеп, жас қыздарды зерттеушілік қызметке тарту мен ынталандыруға бағытталған.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, елде магистр, PhD докторы, бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы дәрежесіне ие 120 896 адам бар. Олардың 62 433-і, яғни 51,6 пайызы – әйелдер. Бұл көрсеткіштер әйелдердің ғылыми-білім беру кеңістігіндегі белсенді әрі ауқымды қатысуын айқын дәлелдейді. Бүгінде әйелдер Қазақстанның ғылыми әлеуетін қалыптастыруда шешуші рөл атқарып отыр.

Қазақстанның ғылыми саласында 12 893 әйел жұмыс істейді, бұл ғылыми қызметкерлердің жалпы құрамының 56%-ын құрайды. Ал зерттеушілердің жалпы санындағы нәзік жандылардың үлесі 55,7 пайызға тең. Олар іргелі ғылымнан бастап, қолданбалы және пәнаралық жобаларға дейінгі ауқымды бағыттарда белсенді зерттеу жүргізуде.

Қазақстандағы ғылыми дәрежелі әйелдердің біліктілік деңгейі жоғары. Деректерге сүйенсек, ғылым кандидаттарының 60 пайызы, бейіні бойынша докторлар мен магистрлердің 58 пайызы, сондай-ақ философия докторларының (PhD) 54 пайызы әйелдер. Ал медицина және гуманитарлық ғылымдарда әйел ғылым кандидаттарының үлесі 72 пайызды құрап, көш бастап тұр.