ҚОҒАМ

УЕФА-ның 51-ші Конгресі Астанада өтеді

УЕФА Еуропа футбол қауымдастықтары одағының 51-ші Конгресі 2027 жылғы 4 наурызда Қазақстан астанасында өтетінін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: kff.kz

Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Шешім Брюссельде өткен УЕФА-ның мерейтойлы 50-ші Конгресінде хабарланды. Конгреске Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Давид Лория қатысты.

«51-ші Конгресс сайлау форматында өтеді. Астанада УЕФА президенті мен Атқарушы комитет мүшелері сайланады. Осылайша, Қазақстанда алдағы жылдары Еуропа футболын дамыту бағытын айқындайтын шешімдер қабылданады. Конгресті өткізу құқығы ұйымға мүше елдерге сенім білдіру мен олардың футболды дамытуға қосқан үлесін мойындау белгісі ретінде беріледі. Қазақстанда 51-ші Конгрестің өтуі елімізде бұрын-соңды өткен ең ірі халықаралық футбол жиындарының бірі болмақ және еліміздің еуропалық футбол қауымдастығындағы позициясын нығайтуға, сондай-ақ спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. УЕФА Конгресінің Қазақстанда өтуі – отандық футбол үшін маңызды кезең. Бұл Еуропа футбол қауымдастығы тарапынан жоғары деңгейдегі сенімнің айқын көрінісі саналады. Конгресті ұйымдастыру және өткізу УЕФА қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Яғни, бұл жұмыстарға мемлекеттік бюджеттен қаржы жұмсалмайды және еуропалық футбол ұйымының халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан тікелей үлесі болады», - делінген ҚФФ хабарламасында.

Еске сала кетейік, Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Азия футбол конфедерациясының құрамында болды, бірақ кейіннен ұйым Еуропаға ауысу туралы шешім қабылдады. 2002 жылғы 25 сәуірде Қазақстан УЕФА құрамына қабылданды. Осы шешімнің арқасында Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысады, ал клубтар Чемпиондар лигасында, Еуропа лигасында және Конференция лигасында ойнау мүмкіндігіне ие болды.