ҚОҒАМ

«Қайрат-2015» футбол клубы «Super Power Cup» турнирінде жеңіске жетті

Алматы қаласы, «Қайрат» клубының академиялық мектебіне жататын «Қайрат-2015» футбол клубы Қытай Халық Республикасының Куньшань қаласында өткен халықаралық «Super Power Cup» турнирінде топ жарды, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Айнұр Серікқызы

«Super Power Cup» турнирі 10-12 жас арасындағы балалар арасында өтті. «Қайрат» академиялық мектебінің жас өрендері айтулы додада ел намысын абыроймен қорғап, тұғырдан көрінді. «Dream Education» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған бұл дода жас футболшылар үшін үлкен сынақ әрі баға жетпес тәжірибе мектебі болды.

Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық команда тек командалық есепте ғана емес, жекелей көрсеткіштер бойынша да көш бастады:

- Үздік бапкерлер: Нұрдәулет Ұлықпанұлы және Ердос Бақытқанұлы;

- Үздік қақпашы: Іңкәрбек Қасымхан;

- Үздік ойыншы: Дәулет Әди.

Балалардың жарыс алдындағы дайындығы жоғары болды. Турнир де жоғары деңгей де өтті. Балалар баға жетпес халықаралық тәжірибе жинап, жарқын эмоциялар алып, Қазақстанды лайықты танытуға мүмкіндік алды. Финалда еліміздің әнұраны шырқалып, жеңіске жеткен сәттегі балалар сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, - деп атап өтті «Қайрат-2015» футбол клубының жаттықтырушысы Нұрдәулет Ұлықпанұлы.

Команда капитаны Ерболат Ақжүректің анасы Айнұр Серікқызының айтуынша, айтулы жеңіс — бірнеше жылғы тың еңбектің жемісі. Балалар клубқа 6 жасынан бастап іріктеліп алынып, содан бері аптасына 4 рет үздіксіз жаттығып келеді. Осындай жүйелі дайындық жас спортшылардың бойында темірдей тәртіп пен өздеріне деген сенімділікті қалыптастырған. Сонымен қатар тұрақты физикалық жүктеме балалардың денсаулығы мен төзімділігін шыңдауға септігін тигізуде.

«Қайрат-2015» футбол клубы бұған дейін де халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап үлгерген. Команда бұған дейін Бішкек (Қырғызстан) және Ташкент (Өзбекстан) қалаларында өткен турнирлерде бақ сынап, шеберліктерін шыңдаған болатын.