ҚОҒАМ

Депутат Мұрат Әбенов «Яндекс Такси»-ге балама ретінде отандық «Aparu» жүйесін басқа да өңірлерге енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жұмыс істейтін «Эко такси» жобасын жоғары бағалап, отандық «Aparu» платформасына негізделген бұл тәжірибені еліміздің басқа аймақтарында да қолдануды бастама етіп көтерді, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Мұрат Әбеновтің Facebook парақшасынан

«Біз қазір Парламентте «Яндекс» такси қызметі жайлы мәселе көтеріп жатырмыз. Себебі бұл такси қызметіне көптеген сын айтылып жүр. Такси қызмет құнының 25 пайызын алады екен. Бұл өте қымбат. Оның үстіне жүргізушілердің денсаулығын тексермейді, айлық жалақысын дұрыс бермейді, зейнетақы жарнасын, әлеуметтік төлемдерін төлемейді. Сақтандыруы жоқ, бақылау жоқ. Түскен қаржының түгелге дерлігі шетелге кетіп жатыр. Бұл үлкен мәселе.

Ал, Қызылордадағы такси қызметі «Апару» Қазақстандық такси жүйесіне қосылған екен. Әр жүргізуші бір рейс үшін 60 теңге ғана  төлейді. Қалған тапсырыстан түскен қаржы жүргізушіге түседі. Яғни үйлестіруші мекемелер арқылы жүргізушінің жалақысы, әлеуметтік төлемдері толық аударылады. Сонымен бірге әрбір жүргізуші күнделікті медициналық бақылаудан өтеді. Бұл азаматтардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Осы қызметтің барлығын мемлекеттік органдар қадағалап отыр. Сондықтан бұл жобаны басқа өңірлерге де енгізіп, отандық жүйені қолдауымыз керек. Сонда қаржы шетелге емес, еліміздің бюджетіне түсетін болады»,- деді Мұрат Әбенов.

Айта кетейік,  «Эко такси» жобасы 2024 жылдың 30 қыркүйегінде ресми түрде іске қосылды. Облыстық бюджеттен бөлінген 999 млн теңге қаражатқа 100 дана «JAC EJ7» электромобилі сатып алынып, жолаушыларға қызмет көрсетуді бастады. Бүгінде жоба аясындағы көліктерге APARU, «Яндекс такси» және «Жұлдыз такси» қосымшалары арқылы тапсырыс қабылданады.