ТЕХНОЛОГИЯ

Қазақстанда жоғары дәлдіктегі сандық күн райы болжам моделі іске қосылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Суперкомпьютер орталығында «Қазгидромет» мамандары Қазақстан аумағына арналған ауа райының жоғары технологиялық сандық болжау моделін іске қосты. Бұл инновациялық қадам еліміздің гидрометеорологиялық қауіпсіздік деңгейін арттырып, күн райы жағдайларын алдын ала нақты болжауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Аталған жоба Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылды. Суперкомпьютер іске қосылғаннан кейін  «Қазгидромет» пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында жүйелі ынтымақтастық орнатылды.

Farabi Supercomputer Center директоры Әмірхан Темірбаев бұл жетістіктің артында бірнеше айға созылған табанды жұмыс тұрғанын атап өтті. Бүгінде орталық мамандары есептеу түйіндерін баптау, сервер конфигурацияларын жүйелеу және модельді автоматты түрде іске қосу процестерін толықтай ретке келтірді. Сонымен қатар «Қазгидромет» сарапшылары WRF (Weather Research and Forecasting) моделін отандық климаттық ерекшеліктерге бейімдеп, параметрлерін калибрлеу және болжамдардың дәлдігін тексеру бойынша ауқымды деректер талдауын жүргізді.

Қазіргі уақытта WRF моделі толықтай автоматтандырылған режимге көшірілді. Жүйе күн сайын үздіксіз іске қосылып, Қазақстанның бүкіл аумағы үшін жоғары ажыратымдылықтағы әрі аса дәл метеорологиялық болжамдарды ұсынып отыр.