МӘДЕНИЕТ

ҚР Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің жеке коллекциясы көпшілік назарына ұсынылды

Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бастамасымен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Қазақстан Республикасының Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің «Димаш: бір дауыс – мың ел» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Айтулы мәдени іс-шараға әлемге танымал өнер иесі арнайы қатысып, экспозицияның тұсауын кесті. Бұл көрме әншінің шығармашылық жолы мен халықаралық жетістіктерін айшықтайтын бірегей коллекцияларды көпшілік назарына ұсынып отыр, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Алматы әкімдігі

Экспозицияның мазмұндық негізін орындаушының жеке қорынан алынған 70 музыкалық аспап құрайды. Бұл жинаққа әлемнің әр түрлі елдеріндегі өнерсүйер қауым мен жанкүйерлердің тарту еткен бірегей жәдігерлері енгізілген. Сонымен қатар, көрме аясында әншінің сахналық имиджін айшықтайтын костюмдері де көпшілік назарына ұсынылды. Олардың ішінде әлемдік поп-мәдениет аңызы Майкл Джексонның жеке стилисті Гоко Залдидің Димаш Құдайбергенге арнайы дайындаған эксклюзивті сахналық киімі келушілер тарапынан ерекше қызығушылыққа ие болды.

Фото: Алматы әкімдігі

Фото: Алматы әкімдігі

Шараның айтулы сәттерінің бірі — Димаш Құдайбергеннің музей қорына жеке аспаптарын ресми түрде табыстау рәсімі болды. Атап айтқанда, өнер иесінің бала күнінен серігі болған және атасы сыйға тартқан құнды жәдігері, сондай-ақ әншінің өз қолтаңбасы қойылған домбырасы музейдің тұрақты жәдігерлер тізіміне енді. Өз кезегінде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызы музей ұжымы атынан Димаш Құдайбергенге қазақтың ұлы ақыны әрі композиторы Абай Құнанбайұлы пайдаланған домбыраның ғылыми негізде дайындалған дәлме-дәл көшірмесін естелікке тарту етті.

Аталған экспозиция бір ай бойы келушілер үшін ашық болады. Көрме Алматы қаласы, Зенков көшесі, 24 а мекенжайында орналасқан Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде өтеді. Барлық ниет білдірушілер мен өнерсүйер қауым белгіленген мерзім аралығында бірегей жәдігерлермен танысуға мүмкіндік алады.