САЯСАТ
ЕО-ның санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан Қырғызстан билігіне Еуропадан келетін тауарларды Ресейге қайта сатуды тоқтату туралы талап қойды. О’Салливанның айтуынша, қазіргі уақытта Қырғызстан Ресейге қарсы бағытталған халықаралық шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік беретін негізгі транзиттік нүктеге айналып отыр.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Abai.kz
Reuters мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы Украинада соғыс басталғаннан бері Қырғызстанның экономикалық көрсеткіштері күрт өскен. Ресеймен одақтас әрі Қытаймен көршілес елдің ЖІӨ-сі жылына орта есеппен 9%-ға артып, мемлекетті әлемдегі ең қарқынды дамушы елдердің қатарына шығарды.
Дэвид О’Салливан Еуропалық Одақтың Қырғызстанға келетін радиожабдықтар мен өндірістік станоктардың көлеміне қатысты алаңдаушылығын білдірді. Бұл өнімдердің импорты күрт өскендіктен, Брюссель олардың Ресейдің әскери қажеттіліктеріне жұмсалуынан қауіптенеді. Айта кету керек, аталған тауарлар санаты санкциялық тізімге енген және оларды Мәскеуге жеткізуге ресми түрде тыйым салынған.
«Бізде бұл тауарлардың Қырғызстанға тек Ресейге қайта экспорттау мақсатында ғана әкелініп жатқанына сенуге толық негіз бар. Соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл өнімдердің импорты мен реэкспортында өте айқын әрі айтарлықтай пайыздық өсім байқалып отыр», — деді ол баспасөз мәслихатында.
Батыс мемлекеттері санкциялық режимді бұзғаны үшін Қырғызстанның қаржы секторына, соның ішінде кейбір банктер мен криптографиялық компанияларға санкция салды. Бұл мекемелер Ресейге тыйым салынған транзакцияларды жүзеге асыруға көмектесті деген күдікке ілінген болатын.
Дэвид О’Салливан Еуроодақ тарапының Қырғызстан мен Ресей арасындағы тарихи қалыптасқан тығыз экономикалық қатынастарды, соның ішінде еңбек миграциясы мәселесін ескеретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Брюссель қырғыз азаматтарының Ресей нарығында жұмыс істеуіне түсіністікпен қарайды.
«Біз Қырғызстаннан Ресеймен сауда байланысын тоқтатуды сұрап отырған жоқпыз. Біз тек осы сауда байланыстары арқылы ЕО-ның санкция салынған тауарларын Ресейге жеткізу арқылы біздің шектеулерімізді әдейі айналып өтуге жол бермеуді ғана сұраймыз», — деп түйіндеді ЕО өкілі.
Айта кетейік, Financial Times басылымы бұл айда Еуропалық комиссияның ішкі құжатына сілтеме жасап, Украинадағы соғыс басталғаннан бері ЕО-дан Қырғызстанға «жоғары басымдықтағы тауарлар» импорты 800%-ға, ал Қырғызстанның Ресейге экспорты 1200%-ға өскенін хабарлаған болатын.