ТӘРБИЕ

Бәйшешек пен қызғалдақ жұлғандар заң алдында жауап береді – Ерлан Нысанбаев

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ел аумағында сирек кездесетін көктем гүлдерін жұлуға қатаң тыйым салынғанын кезекті рет еске салды. Табиғаттың бұл байлығы заңмен қорғалады және оны бұзғандарға ірі көлемде айыппұл салынады, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

«Қызғалдақтар мен бәйшешектерді жұлуға бізде қатаң жаза қарастырылған. Сондықтан бұл өсімдіктерді жұлмауға кеңес беремін. Олар онша көп емес, әрі бекерден-бекер тізімге енгізілген жоқ. Әлемде күн сайын немесе жыл сайын өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрі жойылып жатыр. Кез келген өсімдік пен жануар түрінің жоғалуы – толық зерттелмеген үдеріс, бірақ ол орны толмас жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан табиғатты қорғаңыздар», – деді министр.

Көктемнің алғашқы хабаршысы саналатын бәйшешектер әлі де зерттелетін, қорғауға алынған тізімнің алдыңғы қатарында. Көп жағдайда тұрғындар бұл гүлдердің сирек кездесетінін ескермей, жаппай жұлу арқылы олардың табиғи популяциясына орны толмас нұқсан келтіруде.

«Сирек әрі жойылып бара жатқан өсімдік түрлерін жұлуға болмайды, бәйшешектер де жойылып бара жатқан өсімдіктердің қатарына кіреді», – деді министр.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктерді, соның ішінде жабайы бәйшешектер мен қызғалдақтарды жұлу — қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес, табиғаттың бұл байлығына зиян келтіргендерге ірі көлемде айыппұл салынып, тіпті 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.