САЯСАТ

Мемлекет басшысы: Аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруге тиіс

Мәслихат депутаттарының III республикалық форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік саясаттың басымдықтарын айқындады. Мемлекет басшысы аймақтардың бюджеттік дербестігін нығайту қажеттігін алға тартып, жергілікті билікке қаржыны тиімді жоспарлау және меншікті кіріс көздерін ұлғайту міндетін жүктеді, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ақорда

«Біз жергілікті биліктің әлеуетін және аймақтардың қаржылық дербестігін біртіндеп күшейтіп жатырмыз. Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Оның үстіне, еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті. Бұл – едәуір жақсы көрсеткіш. Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады», деді Мемлекет басшысы.

Ауыл бюджеті тағы бір кіріс көзімен толығуы мүмкін. Президенттің айтуынша, қазіргі уақытта Үкімет кәсіпкерлер төлейтін мүлік салығының бір бөлігін тікелей жергілікті бюджетке бағыттау мәселесін пысықтауда. Бұл қадам аймақтардағы қордаланған түйткілдерді жедел шешуге мүмкіндік береді.

«Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін. Бұл – өте дұрыс ұстаным. Түскен табыс, ең алдымен, сол аймақты дамытуға жұмсалуы керек. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті жерде қордаланған мәселелерді шешу үшін мүмкіндік те, ресурс та арта түспек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форум барысында депутаттық сауалдардың тиімділігі қызу талқыланды. Мемлекет басшысы облыстық мәслихаттар тарапынан жолданған 6 мың сауалдың статистикасына тоқталып, олардың мазмұндық сапасын арттыруды тапсырды.