САЯСАТ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәслихат депутаттарының III республикалық форумында сөз сөйледі, деп жазады Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Форумда Президент қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелерге қатысты пікір білдірді.
«Жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгімеге қатысты да осыны айтуға болады. Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген. Түптеп келгенде, жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық. Осы орайда қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ. Жаңа Конституция жобасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты жазылған», - деді Тоқаев.
Президенттің пайымдауынша, ана тіліміз тек әдеби шығармалардың тілі ғана емес, елдің саяси-қоғамдық өміріндегі басты құралға айналды.
«Ең маңыздысы жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын. Кейбіреулер тіл тағдырына алаңдаған кейіп танытып, бұл тақырыпты саяси құрал ретінде пайдаланады. Қазақ жастары жаңашылдыққа тез бейімделе алуымен ерекшеленеді. Олар қазақша мен орысшаны қоса алғанда, үш-төрт тілді еркін меңгереді. Мұны айналамыздан күнде көріп жүрміз», - деді Президент.
Айта кетейік, 15 наурызда жаңа Конституция бойынша республикалық референдум өтеді. Орталық референдум комиссиясының хабарлауынша, тіркелген мекенжайынан тыс жерде жүрген азаматтардың дауыс беру құқығы толық сақталады. Ол үшін сайлаушылар арнайы есептен шығару куәлігін пайдалана алады. Бұл құжат референдум күні басқа елді мекенде жүрген азаматтарға кез келген учаскеде таңдау жасауға мүмкіндік береді.