МӘДЕНИЕТ

«Mr. Nobody Against Putin» («Ешкім мырза Путинге қарсы») деректі фильмі «Оскар» сыйлығының «Үздік деректі фильм» номинациясын иеленді

Режиссерлер Павел Таланкин мен Давид Боренштейн түсірген Mr. Nobody Against Putin («Ешкім мырза Путинге қарсы») деректі фильмі Academy Awards сыйлығының «Үздік деректі фильм» номинациясын иеленді, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: František Svatoš

«Үздік деректі фильм» номинациясы бойынша озық шыққан бұл еңбек қазіргі заманның өзекті саяси мәселелерін терең қозғауымен ерекшеленеді.  Деректі фильм Ресей мектептеріндегі идеологиялық тәрбие мен әскери насихаттың қалыптасуын зерттейді. Туындының басты идеясы — қоғамдық трансформацияның қозғаушы күші ретіндегі қарапайым адамдардың ерік-жігері мен олардың жүйені өзгертуге қауқарлы ұстанымдарын көрсету.

Режиссер Дэвид Боренштейн марапатты иелену сәтінде мемлекеттің құрдымға кету қаупі туралы ашық айтты.

«Кейде ел тағдыры біз мән бермейтін күнделікті таңдаулардан шешіледі. Қоғамда «Ешкім» деп саналатын адамның үні үлкен өзгерістің бастауы болуы мүмкін», — деді ол.

Фото: Mike Blake/REUTERS

Фото: Mike Blake/REUTERS

Фильм авторлары марапаттау кезінде бүкіл адамзатты соғысты тоқтатуға шақырған үндеу тастады.

«Төрт жылдан бері біз жұлдызды аспанға қарап ең маңызды тілегімізді айтып келеміз. Өте маңызды тілек. Бірақ кейбір елдерде жұлдыздардың орнына аспаннан бомбалар түсіп, дрондар ұшады. Болашағымыз үшін, барлық баланың болашағы үшін соғысты тоқтатайық. Дәл қазір», – деді Павел Таланкин.

Фильм таспасы Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысы басталған 2022 жылдың ақпан айынан бастап түсірілген. Картинаға Челябі облысының Карабаш қаласындағы мектептердің бірінде жұмыс істеген педагог-ұйымдастырушы Павел Таланкин түсірген бейнежазбалар негіз болған. Ол мектептегі түрлі іс-шараларды, салтанатты жиындарды, байқауларды және ашық сабақтарды түсіруге жауапты болған.

Фильмнің идеясы автордың жеке бақылауларынан бастау алған. Павел Таланкин шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында Ресей-Украина соғысы басталғаннан кейін мектеп қабырғасындағы атмосфера мен риториканың түбегейлі өзгергенін мәлімдеді. Режиссердің айтуынша, білім беру жүйесі жоғары жақтың арнайы нұсқауларына бағынып, тәрбие жұмысының мазмұны идеологиялық сипатқа ие болған.

 

Екі жыл бойы жиналған кадрлар, шекарадан өткен құнды деректер және еркіндікке ұмтылған автордың қадамы — «Mr. Nobody Against Putin» фильмінің іргетасы болды. 2024 жылдың жазында Таланкин Ресейден көшіп, өз еңбегін америкалық режиссер Дэвид Боренштейнмен бірге өңдеуге бел буған. Өңдеу барысынан  басталған серіктестік кейіннен әлемдік деңгейдегі триумфқа ұласқан.

Фильмнің ресми премьерасы 2025 жылғы 25 қаңтарда АҚШ-тың ең ірі тәуелсіз кинофестивалі — Sundance-те өтті. Оскар» биігін бағындырмас бұрын, бұл туынды халықаралық деңгейде мойындалып үлгерген еді. Атап айтқанда, 22 ақпанда Лондонда өткен салтанатты кеште фильм BAFTA Awards сыйлығының «Үздік деректі фильм» номинациясында үздік деп танылды.