Bugin
Еліміздегі ақылы жолдарды пайдалану ережелеріне түзетулер енгізілді. Бекітілген жаңа бұйрыққа сәйкес, төлем жасау жүйесінде бірқатар өзгерістер күтілуде. Енді жүргізушілер жол ақысын жаңартылған тәртіп бойынша өтейді, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Енгізілген түзетулер ақылы жолдарды пайдаланушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруды және төлем жасау тәртібін жеңілдетуді көздейді. Бұл қадам жүргізушілерге икемді жағдай жасай отырып, берешекті уақытылы өтемегені үшін қолданылатын әкімшілік шараларды мейлінше азайтуға бағытталған.
Бұрынғы қолданыстағы тәртіп бойынша, жолақысын жеті күнтізбелік күн ішінде өтемеген жүргізушілерге қатысты материалдар сегізінші күні-ақ көліктік бақылау органдарына жіберілетін. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапкершілікке тартуды көздеген болатын.
«Енді жаңа тәртіп бойынша, егер жеке тұлға жол жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасамаса, материалдар 31-ші күні заңнамада белгіленген тәртіппен көліктік бақылау органдарына жолданады. Сонымен қатар алғаш рет жеке және заңды тұлғалар үшін бөлек тәртіп енгізіліп отыр. Егер заңды тұлға есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жасамаса, материалдар келесі күні көліктік бақылау органдарына жіберіледі», - делінген хабарламада.
Жаңа өзгерістер республикалық маңызы бар ақылы жолдарды пайдаланушыларға жолақысын өтеу үшін қосымша уақыт береді. Бұйрық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.