ҚОҒАМ

Қызылорда полициясы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде дрондарды қолдана бастады

Қызылорда қаласында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мен жол қозғалысын реттеу бағытында заманауи технологиялар іске қосылды. Енді өңірдегі тәртіпті полиция қызметкерлерімен бірге дрондар бақылайды, – деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Google AI

Құқық қорғау жүйесін цифрландыру аясында қолға алынған бұл бастама құқық бұзушылықтардың алдын алуда тиімді құралға айналмақ. Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, дрондар нақты уақыт режимінде жұмыс істей отырып, жаппай іс-шаралар кезіндегі қауіпсіздікті қадағалауға және стратегиялық нысандарды күзетуге мүмкіндік береді.

Бұл шаралар «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы цифрлық полиция моделін қалыптастырудың маңызды кезеңі болып табылады.

Дрондардың көмегімен атқарылатын жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі – экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау. Бүгінде аппараттардың көмегімен белгіленбеген жерлерге қоқыс тастау мен өндірістік қалдықтарды заңсыз төгу, ағаштарды заңсыз кесу және жасыл желекке зақым келтіру фактілері тіркелуде. Бұл технология адам бара алмайтын немесе жасырын аймақтарды қысқа мерзімде барлап, кінәлі тұлғаларды бейнежазба арқылы нақты анықтауға жол ашады.

Сондай-ақ дрондар жоғары биіктіктен көлік кептелісін ғана емес, нақты ереже бұзушылықтарды да тіркейді. Жүргізушілер тарапынан қарсы жолаққа шығу, бағдаршамның тыйым салынған түсіне өту және қауіпті маневрлер жасау фактілері қатаң бақылауға алынған. Жаяу жүргіншілердің жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі сынды қателіктер де назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда анықталған барлық деректер бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті әкімшілік шаралар қабылданып, хаттамалар толтырылуда.

Дрондардың қызметі тек бақылаумен ғана шектелмейді. Олар іздестіру-құтқару іс-шараларын жүргізу кезінде де белсенді қолданылмақ. Жоғалған адамдарды іздеу, төтенше жағдай орын алған аймақтарға мониторинг жүргізу және стратегиялық нысандарды күзету кезінде дрондар полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуі мен жұмыс тиімділігін арттырып отыр.