ТЕХНОЛОГИЯ

Смарт-технологиялар тілсіз жауға қарсы: Орман шаруашылығы қалай цифрландырылуда?

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Абай облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының қызметімен танысты.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ормандарды қорғау жүйесіне заманауи цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес премьер-министр цифрландыру арқылы орман алқаптарын сақтау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын бақылауға алды, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Үкімет

Олжас Бектенов резерват аумағында ЖИ алгоритмдеріне негізделген өртті ерте анықтау жүйесінің сынақтан өту барысымен танысты. Пилоттық режимде енгізілген бұл технологиялық шешім кез келген ауа райы жағдайында өрт қаупін қашықтықтан анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллектті қолдану адам факторын азайтып, табиғи апаттардың алдын алу тиімділігін айтарлықтай арттырған.

Орман өрттерімен күресте жаңа технологиялар мен жедел әрекет ету алгоритмдері шешуші рөл атқарады. Абай облысында өткен оқу-жаттығу барысында мамандар цифрлық жүйелердің өртті анықтау мен оны ауыздықтау жұмыстарын қалай жеңілдететінін іс жүзінде көрсетті.

Өртті ерте анықтау жүйесі түтін немесе жалын белгілерін тіркеген сәтте Жедел басқару орталығына қас қағымда сигнал жолдайды. Бұл тілсіз жауды бастапқы кезеңде оқшаулауға мүмкіндік береді. Орталықтар нақты уақыт режимінде кескін таратушы бейне қабырғалармен және тұрақты радиобайланыс стансаларымен жабдықталған. Қазіргі таңда Абай облысының 7 ауданын қамтитын 10 филиалдың барлығында осындай цифрлық бекеттер жұмыс істеп тұр.

 «Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес біз орман қорын қорғаудың түбегейлі жаңа стандарттарын енгізіп жатырмыз. Орманды қалпына келтіріп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуға да бағытталған жүйелі шаралар қабылдануда. Президент айқындаған негізгі бағыттардың бірі – цифрландыруды енгізу. Өткен жылы резерватта 510 мың гектар аумақты қамтитын, 37 заманауи камерамен жабдықталған өртті ерте анықтау жүйесі енгізілді. Технологияларды тікелей патрульдеу шараларымен нығайту қажет. Бұл өте маңызды. Сондықтан өрт қаупі жоғары кезеңде орман күзетінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, ол барлық қауіпті аймақтарды қамтуға тиіс. Жүргізіліп жатқан жұмыс «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мақсат-міндеттеріне толық сәйкес келеді, оның шеңберінде біз табиғи ресурстарды сақтап қана қоймай, азаматтардың экологиялық мәдениетін де арттырамыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өртті ерте анықтау жүйесі республика көлемінде кезең-кезеңімен іске қосылуда. «Қазақтелеком» АҚ өкілі Бақтияр Қожахметовтің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Ақмола облысы, Астана маңы, Қарқаралы және Баянауыл ұлттық парктерінде алғашқы екі кезең енгізілді. Сонымен қатар Іле-Алатауы, Сайрам-Өгем және «Көлсай көлдері» парктеріндегі монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Келесі кезекте Шығыс Қазақстанның 10 орман шаруашылығы мен Қатонқарағай ұлттық паркі қамтылады. Жоспар бойынша, шілде айында 24 табиғи аумақты қамту жұмыстары бітіп, қыркүйекте жүйе толыққанды өндірістік пайдалануға беріледі.

Ұсыныстар мен байланыс үшін

8 705 324 11 61