ҚОҒАМ

Мемлекеттік кірістер органдары блогерлердің салық міндеттемелерін қадағалауды күшейтті

Мемлекеттік кірістер органдары блогерлер тарапынан салық міндеттемелерінің орындалуын қатаң қадағалап жатыр. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев

Қаржы вице-министрінің мәліметінше, тексеру шаралары басталғаннан бері салық органдары 854 блогердің мекенжайына 1 586 хабарлама жолдаған. Аталған тұлғалар жалпы сомасы 72 миллиард теңге көлеміндегі табысты жасырып, төмендетіп көрсеткені анықталды.

«Олардың ішінде бүгінде 622 блогер қосымша салық декларациясын тапсырды. Олар өз табыстарын 18,3 миллиард теңгеге арттырып, қосымша 1 миллиард теңгеге жуық салық төледі. Сондай-ақ оларға тағы 600 миллион теңгеге жуық қаражат төлеу жүктелді», - деді Ержан Біржанов үкіметте өткен брифингте.

Қазіргі таңда 7 субъектіге қатысты салықтық тексеріс шаралары жалғасуда. Алдын ала есептеулер бойынша, аталған тұлғалардың бюджетке төлеуі тиіс қосымша салық міндеттемелері 10 миллион теңгеден асады.

«Қазір тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Егер осы шаралардан кейін сомалар ерікті түрде төленбесе және олар айтарлықтай көлемде болса, материалдарды құқық қорғау органдарына тапсыру арқылы өндіріп аламыз немесе тиісті процессуалдық шешімдер қабылданады», - деп мәлімдеді Біржанов.

Еске сала кетейік, былтыр ақпан айында Қазақстан блогерлеріне миллиардтаған теңге қарыз туралы жаппай салықтық хабарламалар келген болатын. Сол кездегі Мемлекеттік кірістер комитеті 594 блогердің 53,3 миллиард теңге табысын төмендетіп көрсеткенін анықтаған еді.

Ұсыныстар мен байланыс үшін

8 705 324 11 61