ҚОҒАМ

«Атақ-даңқ 300 мың теңгеге сатылып жатыр»: Депутат қолдан жасалған марапаттарды сынады

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды негізсіз атақ-даңқ беру үрдісінің жиілеп кеткеніне тоқталып, бұл мәселені сынға алды, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

«Бүгінде тойдағы даңғазалықтың шегі болмай тұр. Той иелері есік аттаған құдаларға «үздік құда» деген төсбелгі тағып, қасиетті марапат ұғымын мәнсіз ойыншыққа айналдырып жіберген. Бұл тек тойдың деңгейінде қалса жақсы ғой. Бірақ дерт қоғамға әсер етіп, өндіріс орны мен еңбек ұжымдарына жетті. Псевдомарапат пен қолдан жасалған төсбелгілер алу модаға айналды. Алып жатқан кейбір медаль мен төсбелгінің қадірі әлгі «үздік құда» төсбелгісінен де аспайды. Алайда оған сұраныс бары қынжылтады. Бұл бір қарағанда тек атаққұмар адамдардың әлсіздігі сияқты көрінгенмен, мәселе бұдан әлдеқайда терең. Өйткені бұл процеске екі жақ та қатысып отыр», - деді ол.

Ерболат Сатыбалдының пікірінше, бұл мәселеде екі тарап та кінәлі: бірі — арзан даңққа құмартқан азаматтар болса, екіншісі — сол жалған марапаттарды үлестіріп, беделін саудаға салған белгілі тұлғалар мен өнер қайраткерлері.

 «Мәселе жеке адамдарда емес, мәселе осылай жүйеге айналып бара жатқанында. Кейбір пысықайлар «Алтын адам», «Ғасыр адамы» атты энциклопедия шығарып, 300 мың теңге төлесең, өзіңді де, ата-бабаңды да «алтын адамдар» қауымына қосып беретін болды. «Қазақстанның құрметті азаматы», «Ұлт ұстазы», «Ғасыр ұстазы», «Қазақстанның қайраткері», «Алаш ұлы», «Ұлы Дала ұлы», «Арда азамат», «Тұлға» тізе берсең, шегі жоқ жалған төсбелгі мен ордендер. Бұл - атақтың, абыройдың, тарихтың ашық саудасы. Ал мұндайды ұйымдастырып жүргендер - қоғамдағы құндылықтарды жойып жатқан қаскөйлер», - деді ол.

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды қоғамдық марапаттарды заңмен реттеу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, 2025 жылдың соңында орын алған келеңсіз оқиға бұл саланың бақылаусыз қалғанын көрсетіп отыр. Мәселен, «Qazaqstan ardagerleri» бірлестігі тағайындаған «Намыс» пен «Батыр шапағаты» белгілері мемлекеттік наградаларға тым ұқсас болғандықтан, ұйымдастырушылардың біріне Әкімшілік кодекстің 674-бабы бойынша айыппұл салынған.

Депутат заңнамада «қоғамдық марапат» ұғымының нақтыланбағанын, соның салдарынан түрлі ұйымдар тарихи тұлғалардың есімі мен «Батыр», «Даңқ» секілді мәртебелі атауларды өз бетінше қолданып, жұртшылықты шатастырып жүргенін жеткізді.

 

Ұсыныстар мен байланыс үшін

8 705 324 11 61