ҚОҒАМ
Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесінде туып-өскен 22 жастағы қандасымыз Бүрлен Әділетқызы атамекенді велосипедпен шарлап, елдің тыныс-тіршілігін өз көзімен көруді мақсат еткен. Жас велосаяхатшы өз сапарын киелі Маңғыстау жерінен бастап, қазіргі уақытта мұнайлы астана Атырауға табан тіреді, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Бүрлен Әділетқызының әлеуметтік желідегі парақшасынан
Шыңжаң өлкесі, Дөрбілжін ауданының тумасы Бүрлен үшін бұл сапар жай ғана туристік мақсат қана емес, тарихи Отанымен танысудың, қазақ даласының кеңдігі мен халықтың болмысын тереңірек түйсінудің ерекше жолы болмақ.
«Менің мақсатым – 3 айдың ішінде Қазақстанның барлық өңірін аралап шығу. Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі, табиғаты мен адамдарының мінезі бар. Мен соның бәрін сезінгім келеді», – дейді Бүрлен.
Велосипедпен мыңдаған шақырымды бағындыру оңай емес. Ауа райының құбылмалылығы, жолдың жағдайы мен ұзақ қашықтықтар үлкен төзімділікті талап етеді. Дегенмен, жас велосаяхатшының айтуынша, жол бойындағы халықтың қонақжайлылығы мен көрсеткен қолдауы оған жаңа күш береді.
«Күніне шамамен 80-120 шақырым аралығында жүремін. Бәрі ауа райына байланысты. Кейде жел қарсы соқса, жылдамдық азаяды. Қазір Атыраудан шығып, әрі қарай Ақтөбеге, Оралға, кейін оңтүстік-шығысқа, соңында солтүстік Қазақстанға бағыт аламын. Соңғы нүкте Астана болмақ», - деді жас велосаяхатшы.
22 жастағы бойжеткеннің жалғыз өзі велосипедпен жолға шығуы көпшілікті таңғалдырып отыр. Оның бұл қадамы Қазақстан туризмін дамытуға ғана емес, жастар арасында ерік-жігер мен төзімділікті насихаттауға, спортшы жастарды шабыттандыруға, жас саяхатшылар қатарын арттыруға маңызды үлес қосады.
Бүрленнің сапары Қазақстанның әр қиырында тұратын қандастарымыздың ата жұртқа деген шексіз махаббатының белгісі іспеттес. Ел тануды ерлік санаған жас велосаяхатшының бұл қадамы тарих беттерінде танымды жинақ болып сақталары сөзсіз.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61