МӘДЕНИЕТ
Тарихы 1976 жылдан бастау алатын Түпқараған аудандық Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы өнер-білім ордасына биыл 50 жыл. Бастауын баян мен домбыраның үні тербеген қос сыныппен ашылған бұл өнер-білім ошағы өзінің өсу-өркендеу жолында табысты уақыт кенішін бастан кеше отырып, бүгінгі тәуелсіз елдің талантты ұрпағын оқытатын өнер мектебі дәрежесіне дейін көтерілді. Қойнауында талай тарихты бүгіп жатқан киелі шаңырақтан қаншама жас өнерпаз білім алып, Отанымыздың игілігіне қызмет атқаруға өмірлік жолдамамен аттанды. Бүгінде түлектерінің толайым табысы мен жарқын жеңістері арқылы абыройы асқақтаған бұл алтын ұя өнер білім айдынындағы өрелі істердің бастауы болған іргелі ордаға айналды.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы өнер-білім мектебінің мұрағатынан
Киелі өнердің қанаты кеңге жайылып, ауыл-аймақтарда ашылған өнер бөлімшелері мен аула клубтары талай таланттың бағын ашты. Бүгінде өнер ошағында 67 педагог тәлім-тәрбие беріп, жүрегінде күй, жанында жыр тербеген 1436 балғын өнер-білім үйренуде. Жүректері жырмен өріліп, көңілдерін күй тербеген бұл жас таланттар – еліміздің мақтанышы әрі руханиятымыздың болашақ тіректері.
Бүгінде өнер мектебінің оқушылары халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып, қазақ өнерінің қуатын әлемге танытуда. Халықаралық сахналарда жеңіс туын желбіреткен әрбір талантты оқушы мектептің атын шығарып қана қоймай, еліміздің рухани абыройын асқақ биіктерге көтеріп келеді.
Алматы мәдениет қорының шақыртуымен Шырынгул Курмантаева жетекшілік ететін «Ақкетік өнердері» домбырашылар ансамблі Түркия мемлекетінің Герменджик қаласы мен Ресей мемлекетінің Мәскеу қаласында, Эльмира Даулетярова жетекшілігіндегі «Өрен» домбырашылар ансамблі Түркияның Анталия қаласында, Алмагүл Сисембаева мен Ләйла Асхар жетекшілік ететін «Серпін» домбырашылар ансамблі Түркияның Фетхие және Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында, Гульнар Исболсынова жетекшілігіндегі «Жас қыран» ән-термешілер ансамблі Мәскеу қаласында өнер көрсетіп, өнер ошағының жеңіс қоржынын халықаралық жүлделерімен толықтырды.
Жанар Аклепесова жетекшілік ететін өнер мектебінің талантты оқушысы Жақсылық Айқынбек Талдықорған қаласында өткен VI Халықаралық балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Жас виртуоздар» аспапта шебер ойнау өнер байқауында «Шертпелі аспаптар» номинациясы бойынша 3-орын иеленді. Сондай-ақ талантты өрен «Күй тағылым» атты аймақтық жас домбырашылар сайысында 3-орын иеленді.
Қазіргі уақытта Түпқараған аудандық Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы өнер-білім ордасы облыс әкімдігінің «Жыл үздігі-2018» байқауында «Үздік қосымша білім беру ұйымы» номинациясын иеленді. Сонымен қатар облыс әкімдігінің премиясы «Білім үздігі» байқауының «Үздік қосымша білім беру ұйымының педагогы» атағына ие болған Сисембаева Алмагүл, Даулетярова Эльмира, Магзумова Гүлсім, Исмуханбетова Күләш 2021-2025 жылдар аралығындағы «Үздік педагог» байқауларының жеңімпаздары атанды.
Ауданның мәдени-көпшілік шараларында мектеп ұстаздары мен оқушыларының қолтаңбасы айқын сезіледі. Олар аудандық «Халықтық» атағын қорғаған Ұлт аспаптар оркестрі және хор ұжымының белді мүшелері.
Парасатты да пайымды, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген өрелі ұрпақ қалыптастыру – өнер ұжымының басты мұраты. Осынау игі жолдағы жемісті қадамдар баспасөз беттерінде алтын әріптермен өрнектеліп, телеэкран арқылы бүкіл аймаққа насихатталуда. Ұстаздардың кәсіби шеберлігіне, қажырлы еңбегіне берілер лайықты баға мен халықтық құрмет те арта түсеріне сенім мол.
Тарихы тағылыммен өрілген бұл киелі шаңырақтың әрбір жетістігі – ұлт руханиятының қоржынына салынған баға жетпес асыл қазына. Уақыт безбенінен мүдірмей өткен, елу жылдық тағылымы мол өнер ордасы әлі талай дарынның бағын ашып, көгінде жұлдызын жаға түспек.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61