ҚОҒАМ

Қазақстан сөз бостандығы бойынша әлемдік рейтингте 149-орынды еншіледі

«Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық ұйымы 2026 жылғы Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексін жариялады. Биыл Қазақстан былтырғы көрсеткішінен айтарлықтай сырғып, 180 елдің ішінде 149-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы 2026 жылғы баяндамасында Қазақстандағы медиа ахуалды сынға алды. Ұйым дерегінше, елімізде кәсіби қызметіне байланысты бес журналист қамауға алынған. Сарапшылар онлайн-контенттің сапасы артқанымен, билік тарапынан интернетті бақылау күшейіп, репрессияның жаңа, түрленген формалары пайда болғанын айтады. Баяндама авторлары қазіргі таңда Қазақстанда тәуелсіз басылымдардың санаулы ғана қалғанын және олар үшін интернет жалғыз еркін алаң болып отырғанын атап өтті.

 «Онлайн-жаңалықтар сапасы жақсарғанымен, баспасөзге қарсы репрессия түрленіп, интернетке бақылау күшейді», – деп мәлімдеді ұйым.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы ақпараттық кеңістік биліктің қатаң сүзгісінен өтеді. «Шекарасыз тілшілер» ұйымы үкіметке тиімсіз ақпараттарды бұғаттау үшін байланысты үзуден бастап, журналистерге физикалық қысым көрсетуге дейінгі әдістердің қолданылатынын мәлімдеді. Бұл жүйе тек күштеумен шектелмейді: мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік медиа ресурстарды «сатып алу» және мемлекеттік БАҚ-тардағы басшылық құрамды қолдан тағайындау арқылы ақпараттық күн тәртібі толық монополияланған. Тіпті ресми жиындардың өзінде журналистердің еркін сауал қою мүмкіндігі цензурамен кесіліп тасталады.

Елдегі сөз бостандығының тарылуына байланысты жергілікті медиа-қауымдастық та қарап қалған жоқ. Осыған дейін отандық журналистік ұйымдар мен белсенділер үкіметке ашық үндеу тастап, сөз еркіндігін шектейтін құқықтық баптарды қайта қарауды талап еткен болатын. Мамандардың пайымдауынша, заңнамалық деңгейдегі кедергілер алынбайынша, халықаралық рейтингтердегі жағдайдың жақсаруы екіталай.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61