ҚОҒАМ

Тұрақсыз әлемдегі тұрақты саяхат: Туристік код не үшін керек?

Бүгінде туризм саласы әлемдік экономиканың ең динамикалы және өзгеріске бейім стратегиялық секторларының біріне айналды. Жаһандану процестері, халықаралық келісімдер мен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адамзат үшін әлемнің әр нүктесіне жол ашып, халықаралық саяхат мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. Дегенмен бұл сектор сыртқы факторларға — геосаяси ахуалға, макроэкономикалық өзгерістерге, валюта бағамының құбылмалылығына және дүниежүзілік денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтарға өте сезімтал.

 

Нарықтағы кез келген тұрақсыздық жағдайы турлардың бағыты мен құнына тікелей әсер етіп, сала қатысушыларынан жедел әрі икемді басқару шешімдерін қабылдауды талап етеді. Осыған байланысты, туристік компаниялардың жұмыс процесін мінсіз ұйымдастыруы, мемлекеттік қорғаныс жүйелерін тиімді қолдануы және саяхат географиясын әртараптандыру мәселелері қазіргі нарықтың басты даму үрдістерін айқындап отыр. Осы бағытта, құбылмалы нарық заңдылықтары, қазақстандық саяхатшылардың қазіргі талғамы мен қауіпсіздік мәселелері төңірегінде «Saparla Travel» туристік компаниясының директоры Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлымен сұхбаттасқан едік.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлының жеке мұрағатынан

Сәлеметсіз бе, Нұрсұлтан! Бүгінде туризм - ең жылдам өзгеретін әрі сыртқы факторларға өте сезімтал салалардың бірі. Компания директоры ретінде таңертең жұмысқа келгенде бірінші кезекте қандай жаңалықтар мен нарық көрсеткіштерін тексересіз? Сәтті жұмыс күні сіз үшін неден  басталады?

Сәлеметсіз бе! Ең алдымен, күнім бір шыны кофеден басталады. Ал жұмыс процесіне келсек,  туризм саласына қатысты өзекті жаңалықтарды қараймыз. Мысалы, рейстердің тоқтатылуы, жаңа бағыттардың ашылуы немесе туристерімізге қатысты өзгерістер болса, соның барлығын тексереміз. Сондай-ақ сыртқы туризмдегі төлемдердің басым бөлігі шетел валютасымен жүргізілгендіктен, доллар мен еуро бағамын тұрақты бақылауда ұстаймыз. Валюта бағамына байланысты тур бағалары да өзгеріп отырады. Одан кейін әр туристің құжаттары толық жіберілді ме, барлық мәлімет дұрыс енгізілді ме, басқа да қосымша құжаттарды арнайы кестелер арқылы тексеремін. Турға тапсырыс беру, төлем жасау, құжат рәсімдеу секілді жұмыстардың ешқайсысы назардан тыс қалмауы керек. Қазірге дейін операциялық жұмыстардың басым бөлігін өзім қадағалаймын. Барлық туристермен тұрақты байланыста болып, жұмыстың мұқият орындалуына мән береміз.

Құбылмалы нарықта туристік компания жұмысын мінсіз ұйымдастыру оңай емес. Қазіргі қазақстандық турист қаншалықты талапшыл? Олармен жұмыс істеу процесі бұрынғыдан қиындады ма?

Жоқ, айтарлықтай қиындық жоқ. Компаниямыз ашылған күннен бастап біз бір жүйемен жұмыс істеп келеміз және қазір де сол өзіміз бекіткен қағиданы ұстанамыз. Әрине, кейбір туристер лицензия, медициналық сақтандыру сияқты мәселелерге көбірек назар аударады. Бірақ бұл - қалыпты жағдай. Мұндай құжаттардың барлығы бізде міндетті түрде рәсімделеді және туристердің қолына беріледі. Қазіргі таңда туристер өз жайлылығына ерекше мән береді. Әсіресе, қонақүй таңдауда талаптары жоғары. Біз олардың сұранысына сай бірнеше нұсқа ұсынамыз, ал соңғы таңдау туристің өз еркінде болады.

Фото: Saparla Travel

Фото: Saparla Travel

Қазіргі нарық көрсеткіштеріне сүйенсек, сыртқы туризм географиясы қалай өзгерді? Соңғы жылдары қазақстандық туристер арасында қай елдер мен бағыттар жоғары сұранысқа ие? Бұған туристердің талғамы әсер етті ме, әлде жаңа тікелей рейстер мен визасыз режим бе?

Таяу Шығыстағы жағдайларға байланысты бұл бағыттарға сұраныс уақытша төмендеді. Дегенмен маусым айынан бастап Дубай, Катар секілді елдерге турлар қайта қолға алына бастайды. Қазіргі таңда туристер Азия елдеріне жиі саяхаттауда. Әсіресе, Қытай, Вьетнам, Тайланд, Оңтүстік Корея, Жапония және Еуропа бағыттарына қызығушылық артты. Сондай-ақ авторлық турлар мен ерекше форматтағы круиздік саяхаттарға сұраныс көбейіп келеді. Мысалы, Вьетнамға туристердің көп баруының басты себептері - қолайлы климат пен бағаның тиімділігі. Бұл елге Алматы, Астана, Шымкент, Орал, Қостанай қалаларынан рейстер саны да артып жатыр. Туристердің таңдауына бірнеше фактор әсер етеді: қолайлы ауа райы, бағаның тиімділігі, әлеуметтік желідегі танымал бағыттар және визасыз режим. Мысалы, Қазақстан азаматтары Қытай мен Вьетнамға визасыз бара алады.

Қазір кез келген адам билет пен қонақүйді онлайн өзі брондай алады. Осындай заманда заманда туристік компаниялардың заманауи дербес саяхатшыға ұсына алатын басты артықшылығы неде? Тұтынушыны қалай ұстап тұрсыздар?

Туристік компаниялардың басты артықшылығы - жайлылық пен қауіпсіздік. Қонақүй таңдау, билет рәсімдеу, сақтандыру мәселелері кейбір адамдар үшін қиын болуы мүмкін. Ал біз осының барлығын бір жүйеге келтіріп, туристің уақытын үнемдейміз. Сонымен қатар барлық қызмет заңды түрде рәсімделеді және баға жағынан да тиімді ұсыныстар болады. Мысалы, кей бағыттарда тек ұшақ билетінің бағасына қонақүй, таңғы ас, трансфер және сақтандыру кіретін толық турпакет алуға болады. Бұл - туроператорлар мен әуе компанияларының арнайы келісімдерінің нәтижесі. Тағы бір маңызды мәселе - туристік код. Ол тек туристік агенттік арқылы турпакет алған адамдарға беріледі. Бұл - туристің елге қауіпсіз оралуына көмектесетін арнайы қорғаныс жүйесі. Мысалы, Таяу Шығыстағы жағдай кезінде біздің туристер қонақүймен және тамақпен қамтамасыз етіліп, елге оралуына көмек көрсетілді. Ал билетті өз бетінше алған азаматтар барлық мәселені өздері шешуге мәжбүр болды.

Фото: Saparla Travel

Фото: Saparla Travel

Қазақстандық саяхатшылардың туристік және медициналық сақтандыруға деген көзқарасы қаншалықты өзгерді? Форс-мажорлық жағдайлар туындағанда компания мен құқықтық жауапкершілік сіздерде қалай реттеледі?

Қазіргі кезде туристер сақтандыру мәселесіне бұрынғыдан да көбірек мән береді. Туристер сұрамаса да, біз медициналық сақтандыруды турпакет құрамына міндетті түрде енгіземіз. Себебі, кез келген жағдайда шұғыл медициналық көмек қажет болуы мүмкін. Ал форс-мажорлық жағдайларда жауапкершілік толықтай біздің мойнымызда болмайды. Мысалы, жүктің жоғалуы - әуе компаниясының жауапкершілігі. Дегенмен біз туристерімізге көмектесіп, әуе компанияларымен байланыс орнатамыз. Табиғи апаттар да ешкімнің бақылауында емес. Осындай сәттерде туристермен тұрақты байланыста болып, ақпараттық қолдау көрсетеміз. Қаңтар оқиғасы, БАӘ жағдайында да туристермен хабарласып, қажетті көмек көрсетуге тырыстық.

Дәл қазір дүниежүзілік БАҚ-тар мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы MV Hondius круиздік кемесінде анықталған қауіпті Хантавирус жағдайын қызу талқылап жатыр. Вирус себебінен адамнан адамға жұғу қаупі мен өлім көрсеткіші де тіркелді. Осындай жаһандық дабыл аясында шетелге тур ұйымдастыратын отандық компания ретінде сіздер маршруттарды қайта қарастырып жатырсыздар ма? Бұл жағдай алдағы жазғы маусымдағы круиздік немесе халықаралық турлардың сатылымына қалай әсер етуде?

Бұл мәселе туралы ақпарат тарағанымен, круиздік турларға деген сұраныс айтарлықтай төмендеген жоқ. Қазіргі уақытта ешқандай ресми шектеу енгізілген жоқ. Яғни, круизді тоқтату немесе сатылымды шектеу туралы шешім қабылданбады. Егер ауру көрсеткіші күрт өсіп, жағдай ушығатын болса, онда халықаралық ұйымдар мен жауапты мекемелер тиісті шешім қабылдайды. Сол кезде ғана біз белгілі бір бағыттарға бронь жасауды тоқтатамыз. Ал әзірге туристердің сұранысына сай жұмыс жалғасып жатыр.

Тұтынушылардың жеке немесе VIP сұраныстарын (авторлық турлар, жеке гид, эксклюзивті маршруттар) орындау мүмкіндіктеріңіз қандай?

Әрине, жоғары. Сұранысқа қарай кез келген қызметті ұйымдастырамыз.

Шетелдік озық инфрақұрылымдарды көріп жүрген маман ретінде айтыңызшы, халықаралық деңгейдегі туристік стандарттарды Қазақстанда енгізуге не кедергі? Ішкі туризмді дамыту жоспарыңызда бар ма?

Мен ішкі туризмнің маманы болмағандықтан, нақты қандай кедергілер бар екенін дөп басып айта алмаймын. Дегенмен біз ішкі туризм бағытында да жұмыс істейміз. Қонақүй брондау, шетелдік туристерді қарсы алу, гид қызметін ұйымдастыру секілді жұмыстар қарастырылған. Алайда бұл қызметтердің барлығы сұранысқа байланысты жүзеге асады. Егер тапсырыс түссе, қажетті қызмет толық орындалады.

Туристік компания директоры ретінде компания тарихында қабылдаған, тәуекел еткен, бірақ ең сәтті шешіміңіз қандай болды?

Шынын айтсам, компания тарихында әзірге тәуекелге барып, ауқымды өзгеріс жасаған жағдай болған жоқ. Себебі, біз - енді ғана дамып келе жатқан жас компаниямыз. Дегенмен мен үшін туризм саласына келудің өзі – тәуекел еткен маңызды қадам. Бұл салада тәжірибем болмағанымен, қызығушылығым жоғары еді. Сол қызығушылықтың арқасында осы бағытты таңдадым. Қазіргі таңда осы шешімімді ең дұрыс қадамдардың бірі деп есептеймін.

Фото: Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлының жеке мұрағатынан

Фото: Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлының жеке мұрағатынан

Сіздің ойыңызша, алдағы 5 жылда қазақстандық туристің портреті мен басты таңдауы қалай өзгереді?

Туризм саласындағы сұраныс күн сайын өзгеріп отырады. Әр елдің маркетингтік стратегиясы, туристерге ұсынатын мүмкіндіктері де үлкен рөл атқарады. Мысалы, соңғы екі-үш жылда Вьетнам бағыты айтарлықтай танымал болды. Сол секілді басқа елдер де жаңа жобалар мен жарнамалық тәсілдер арқылы туристерді қызықтыра алады. Қазіргі таңда Грузияға сұраныс артып келеді. Түркия да туризм саласындағы маркетингке ерекше көңіл бөлуде. Сондықтан алдағы жылдары шетелге шығатын қазақстандық туристер саны бүгінгіден де арта түсетініне сеніммен қараймын.

Жаһандық нарықтағы заманауи үрдістер, сыртқы туризм ахуалы, қауіпсіздік стандарттары төңірегінде өзекті де мазмұнды ақпаратпен бөліскеніңізге алғысымыз шексіз. «Saparla Travel» компаниясының туристік индустрияны дамытуға бағытталған қызметіне береке, ал алдағы стратегиялық жоспарларына жасампаз нәтижелер тілейміз.

 Мол алғыс!

Сұхбаттасқан: Нұрсәуле Иманмәдиқызы

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61