ҚОҒАМ
Қазақстанда психологиялық көмек көрсетуді реттеуге бағытталған «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы Парламент Сенатында мақұлданды. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов хабарлады. Заң ресми түрде күшіне енуі үшін Президенттің қол қоюына жіберілді, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: El.kz (AI)
Жаңа заң талаптарына сай, бұдан былай жоғары білімі жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмеген азаматтардың өзін «психолог» деп атауына тыйым салынады. Сонымен қатар, оларға жарнамада «психо-коуч», «психо-кеңесші» сияқты балама атауларды қолдануға да шектеу қойылады.
«Жалған психологтардың дәурені бітті. Бүгін біздің «Психологиялық қызмет туралы» авторлық заңымыз Сенаттан сәтті өтіп, Президенттің қол қоюына жіберілді», – деді Асхат Аймағамбетов.
Асхат Аймағамбетов заңның басты өзгерісі ретінде мемлекеттік бақылау тетігін атап өтті. Азаматтардың құқығын қорғау мақсатында енгізілетін бірыңғай мемлекеттік реестр ашық ақпараттық платформа форматында жұмыс істейді. Бұл реттеуші құрал заңсыз қызмет көрсететін тұлғаларды анықтауды жеңілдетіп, тұтынушылардың сапалы, кәсіби әрі қауіпсіз психологиялық көмек алуын қамтамасыз етеді.
«Енді арнайы жоғары білімі жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмеген адамдарға өзін «психолог» деп атауға заңмен тыйым салынады. Кез келген азамат маманның реестрде бар-жоғын оңай тексере алады», – деді Аймағамбетов.
Жаңа құжатқа сәйкес, депрессия, психологиялық жарақат пен мазасыздық сияқты күрделі мәселелермен тек кәсіби білімі бар мамандар ғана айналыса алады. Сонымен қатар психологтардың медициналық диагноз қоюға, дәрі-дәрмек тағайындауға немесе психоактивті әдістерді қолдануға құқығы жоқ. Мұндай жағдайларда олар пациентті міндетті түрде психиатр дәрігерге жолдауы тиіс.
Жаңа заң аясында психолог пен клиент арасындағы кәсіби құпия заң жүзінде қорғалады. Енді азаматтардың жазбаша келісімінсіз жеке мәліметтерін жариялауға, сондай-ақ консультация барысын бейне немесе аудиоға түсіруге мүлдем жол берілмейді.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61