ДЕНСАУЛЫҚ
Қытай астанасындағы Халық жиналысы сарайында Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуына орай кең көлемдегі салтанатты жиын өтті. Айтулы іс-шара аясында мемлекет пен қоғамның дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға өлшеусіз үлес қосқан бірқатар көрнекті тұлғалар ұлықталды. ҚХР Төрағасы, Орталық әскери кеңестің төрағасы Си Цзиньпин елдің ең жоғары партиялық марапаты – «1 шілде» орденін иегерлеріне өз қолымен тапсырды. Мемлекеттің ең жоғары орденін иеленген санаулы 8 тұлғаның арасында қазақ ұлтының өкілі, медицина саласының ардагері Оқас Сүлеймен бар, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: CCTV
Оқас Сүлеймен – шекаралық өңір тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтауға бар саналы ғұмырын сарп еткен кәсіби маман. Ол 40 жылдан астам уақыт бойы шалғайдағы елді мекендерді, алыс қыстаулар мен жайлауларды аралап, жергілікті халыққа үздіксіз медициналық көмек көрсеткен. Ауа райының қолайсыздығы мен күрделі географиялық жағдайларға қарамастан, өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытуға және халықтың медициналық қолжетімділігін қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты.
Ардагер дәрігер 40 жылдан астам уақыт бойы шалғайдағы елді мекендерді, алты ай қыс пен аптап ыстықта алыс қыстаулар мен жайлауларды ат үстінде жүріп аралап, жергілікті халыққа үздіксіз медициналық көмек көрсеткен. 1975 жылдан бергі кезеңді есептегенде, ол 100 мыңнан астам науқасқа ем-дом жүргізіп, бірнеше мың ауыр халдегі пациентті өлім аузынан алып қалған, сондай-ақ 3 200-ден астам нәрестенің бұл дүниеге аман-есен келуіне септігін тигізген. Ауылдық денсаулық сақтау саласын өркендетуге және шекара маңындағы халықтың өмірін қорғауға қосқан осы ерекше үлесі үшін Оқас Сүлеймен бұған дейін де «Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің үздік қызметкері», «Қытайдың 1 мамыр еңбек медалі» және «Ұлттар бірлігі мен прогресінің үздік қайраткері» сияқты жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған.
«1 шілде» ордені – Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары марапаты болып табылады. Тұңғыш рет 2017 жылғы 22 шілдеде бекітілген бұл награда бес жылда бір рет қана мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық ілгерілеуіне ерекше еңбек сіңірген таңдаулы партия мүшелеріне табысталады.
Орден тағайындалған уақыттан бері миллиардтан астам халқы бар алпауыт мемлекет бойынша бұл құрметке небәрі 37 адам ғана лайық деп танылған. Ал ардагер дәрігер Оқас Сүлеймен – аталған ең жоғары мемлекеттік марапатты кеудесіне таққан тұңғыш ұлты қазақ азаматы ретінде тарихқа енді.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61