ҚОҒАМ

Көктемгі әскерге шақыру науқаны аяқталды

18 бен 27 жас аралығындағы шақырылушылардың басым бөлігі Қарулы күштер мен Ұлттық ұлан қатарын толықтырды. Биылғы науқанның басты ерекшелігі — шақыру қағаздары қағаз түрінде емес, eGov және SMS арқылы электронды түрде жолданды, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

Әскерге аттанған 21 мыңнан астам азаматтың басым бөлігі, яғни 11 мыңнан астамы Қарулы күштердің қатарында мерзімді қызметін өтейді. Сондай-ақ, 7 мыңнан астам сарбаз ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуығы ҰҚК Шекара қызметіне бөлінді. Бұдан бөлек, 400-ге жуық жас Төтенше жағдайлар министрлігінің, ал 300-і Мемлекеттік күзет қызметінің сапын толықтырды.

Биыл әскерге шақыру және одан босату немесе мерзімін кейінге қалдыру рәсімдері толықтай автоматтандырылып, хабарламалар eGov порталы мен SMS арқылы жолданды. Науқан барысында Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті мен жергілікті әскери органдар азаматтар мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, «қауырт желі» мен жеке қабылдаулар арқылы сұрақтарға жауап берді.

Бүгінде мерзімді әскери қызмет барысында сарбаздар сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын тегін меңгеріп қана қоймай, несие төлемдерін уақытша тоқтата тұру жеңілдігін пайдалана алады. Сонымен қатар, Отан алдындағы борышын үздік өтегендер жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсуге мүмкіндік алса, қалған сарбаздар ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ның ақылы бөліміне қабылдана алады. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген азаматтарға жан-жақты әлеуметтік көмек пен сапалы медициналық қолдау көрсетіледі. Мемлекет тарапынан сарбаздардың әскери қызметін толықтай қауіпсіз, жайлы әрі лайықты жағдайда өткеруі үшін барлық қажетті базалық жағдайлар жасалған.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61