БІЛІМ

Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап жаңа міндетті пәндер мен курстар оқытылады

Жаңа оқу маусымынан бастап еліміздің мектеп бағдарламасына маңызды пәндер мен арнайы курстар ресми түрде қосылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова үкімет жиынында мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

Оқу бағдарламасындағы өзгерістер Ата Заң талаптарын орындау мақсатында әрі өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін енгізіліп отыр. Орта сынып шәкірттері (5-7 сыныптар) Ата заңның басты қағидаларын меңгерсе, жоғары сынып оқушылары (8-11 сыныптар)  құқықтық мәдениет пен жауапкершілікті тереңірек түсіну үшін арнайы заңнамалық курстарды оқитын болады.

«Оқу жылының басынан бастап білім мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылады. 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп» міндетті курсы оқытылады. Сонымен қатар 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізіледі», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Елімізде оқушылардың күнделікті өмірдегі қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінбек. Осы мақсатта жол жүру ережелері мен қоғамдық орындардағы мінез-құлықты қамтитын жаңа пән бағдарламаға енгізіледі. Бұл өзгерістермен қатар мектептерді жаңа оқулықтармен қамтамасыз ету кестесі де бекітілді. Кейбір сыныптардың кітаптары ағымдағы тамыз айының соңына дейін таратылса, қалған сыныптардың құралдары келер жылдың басы мен көктеміне дейін кезең-кезеңімен жеткізіледі деп жоспарлануда.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұдан бөлек бастауыш сыныптардағы оқу мазмұны да қайта қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Білім беру мекемесінің табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін бейімделу уақыты қарастырылып, олардың мойнына түсетін сабақ салмағы азайтылмақ. Бағдарламалар баланың қабылдау ерекшелігіне сай өзгеріп, теориядан көрі тәжірибелік дағдыларды дамытуға басымдық беріледі. Бұл бастауыш сынып оқушыларының мектепке қиналмай үйреніп кетуіне септігін тигізбек.

Заманауи үдерістерден қалыс қалмау үшін отандық білім беру саласына жасанды интеллект технологиялары да енгізіледі. Бастапқы уақытта бұл цифрлық жоба еліміздің 500 шағын мектебінде пилоттық режимде сыналмақ. Нәтижесінде ауылдық жердегі оқушылар озық электронды қорлармен жұмыс істеуге мүмкіндік алса, ұстаздар қауымы сабақ жоспарлау мен бағалау процесін автоматтандыратын ақылды технологияларды өз кәсібінде қолдана алады.

 

 

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61