ҚОҒАМ
Шымкент қаласында қайғылы жағдайда көз жұмған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты қылмыстық істі тергеу амалдары аяқталып, материалдар сот қарауына жолданды, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Бұл туралы зардап шеккен тараптың мүддесін қорғаушы адвокат Аянхан Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша, қалалық прокуратура істі тиісті шешім қабылдау үшін Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына бағыттаған.
Қорғаушы тарап алдағы сот процесінің ашық әрі әділ өтуін басты назарда ұстап отыр. Адвокат өз мәлімдемесінде істі объективті түрде зерттеу үшін заң аясындағы барлық мүмкіндіктер қолданылатынын жеткізді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, ендігі кезеңде іс сотта мәні бойынша қаралады. Істің жан-жақты, толық әрі объективті қаралуы үшін заңда көзделген барлық шара қабылданады. Оған қоса, істің тікелей эфирде өткізілуін талап етеміз», – деп жазды адвокат.
Еске сала кетсек, қоғамды түршіктірген бұл оқиға 2026 жылдың 11 қаңтарында орын алған болатын. Кешкі уақытта бойжеткен өзінің танысы тарапынан пышақ жарақатын алып, алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Қылмыс жасады деген күдікке ілінген азамат сол бойда бой тасалағанымен, екі күннен кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен қолға түскен еді.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің бірнеше ауыр баптары бойынша айып тағылып отыр. Оның ішінде жәбірленушіні некеге тұруға мәжбүрлеу (125-1-бап), соңынан қалмай аңду, яғни сталкинг (115-1-бап) және адамды аса қатыгездікпен өлтіру (99-баптың 2-бөлігі) деректері бар.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61