ҚОҒАМ

ICB колледжінің түлегі дипломды жыртқан әрекетіне қатысты түсініктеме берді

Әлеуметтік желіде кең тарап, қоғамның қызу талқысына түскен ICB колледжі түлегінің диплом тапсыру рәсімі кезінде сахнада диплом құжатын жыртқан әрекеті  резонанс тудырған болатын. Осы шудан кейін оқу орны әлеуметтік желіде аталған студенттің атынан ресми мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

Мәлімдемеде студент өз әрекеті үшін мұғалімдері мен білім беру ұйымынан кешірім сұраған. Ол бұл қадамының қоғамда осыншалықты үлкен теріс пікір туғызатынын мүлдем ойламағанын жеткізді. Түлек өз сөзінде жасаған ісіне өкініш білдіріп, мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынына уәде берді.

Студент мәлімдемесінде ресми дипломның бүлінбегенін және сахнада жырту үшін алдын ала дайындалған құжаттың көшірмесін пайдаланғанын атап өтті. Студент бұл әрекетімен білімнің қадірін түсіруді немесе ұстаздарды қорлауды мақсат етпегенін алға тартты.

Алайда желі қолданушыларының басым бөлігі бұл әрекетті бәрібір де оқу орны мен оқытушылардың еңбегіне деген құрметсіздік деп бағалады. Қоғамдағы наразылықтың күшеюіне байланысты мәлімдеме жарияланғаннан кейін колледж әкімшілігі өзінің желідегі парақшасында пікір қалдыру мүмкіндігін шектеп тастауға мәжбүр болған.

Оқиға бойынша жергілікті Полиция департаменті де мәлімдеме жасады.

«Оқу орны берген диплом, оған қоса берілген қосымша және түпнұсқа диплом мұқабасы бүлінбеген және түлекке тиісті күйінде табысталған. Тексеру барысында түлек тек алдын ала өзі дайындаған, диплом мұқабасына сырттай ұқсас мұқабаны ғана бүлдіргені анықталды. Полиция органдары қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдайтын болады», - деді Полиция департаменті. 

Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін кез келген әрекетке қатысты жеке тексеріс жүргізіліп, құқықтық баға беріледі. Тәртіп сақшылары азаматтардан көпшілік алдында жауапкершілікті ұмытпауды және қоғамда түсініспеушілік тудыратын әрекеттерден аулақ болуды талап етеді.

 

 

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61