ҚОҒАМ
«Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы 2009 жылдан бері еліміздің шалғай аймақтарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарып келеді. Осы уақыт ішінде жоба негізінде 114 мыңнан астам маман біржолғы көтерме жәрдемақы алса, 52 мыңнан астам адам баспаналы болу үшін жеңілдетілген бюджеттік несиеге қол жеткізді. Бұл бастама тек жастардың еңбек жолын бастауына ғана емес, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге де ықпал етті.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Бүгінгі таңда 24 мыңнан астам медицина қызметкері мемлекеттік көмек ретінде көтерме жәрдемақы алды, ал 11 мыңнан астамы өз баспанасын сатып алу үшін жеңілдетілген несие рәсімдеді. Дәрігерлер мен орта буын мамандарының ауылға тұрақтауы шалғай елді мекендердегі медициналық қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартты.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғындарымен кездесуінде жобаның кез келген білікті маман үшін ашық екенін атап өтті. Бағдарламаға қатысуда жас шектеуінің болмауы – тәжірибелі мамандарды да ауылдық жерлерге тартуға жол ашады.
– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы ауылдық жерлерде еңбек етіп, өңірлердің дамуына үлес қосуға дайын барлық дипломы бар маман үшін қолжетімді. Бағдарламаға қатысу үшін жас бойынша ешқандай шектеу қойылмаған. Басты талап – кәсіби біліктілік пен ауылда жұмыс істеуге деген ниет. Әсіресе, денсаулық сақтау саласында тәжірибелі мамандардың ауылға келуі медициналық қызмет сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады, – деді Бауыржан Омарбеков.
Мемлекеттік қолдаудың түпкілікті мақсаты тек кадр тарту емес, олардың ауылда тұрақтап қалып, ұзақ мерзім еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау болып табылады. Тұрғын үй мәселесін шешу және қаржылай қолдау көрсету шаралары мамандардың тұрмыстық жағдайын реттеп қана қоймай, ауылдық инфрақұрылымды нығайтып, маман тапшылығын біржола жоюға бағытталған.
Ауылға бет алған мамандарды қолдау алдағы уақытта да тоқтамайды. 2025 жылдың өзінде мамандарды баспанамен қамту үшін бюджеттен 25 миллиард теңге бөлініп, шамамен 2,8 мың адамға жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Мұндай жүйелі мемлекеттік қолдау шаралары алдағы жылдары да ауылдық медицина мен басқа да әлеуметтік салаларды сапалы кадрлармен толықтыруға кепіл болады.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61