ҚОҒАМ
Қазақстанда жазғы маусымда су айдындарындағы қайғылы жағдайлар орын алуда. Ішкі істер министрлігі жазатайым оқиғаларға талдау жасай келе, төтенше жағдайлардың артуына байланысты ата-аналарға балаларына қырағы болуға үндеу жариялады. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері су қоймаларында 69 бала қаза тапқан, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
ҚР ІІМ балалардың қатысуымен суда болатын қайғылы жағдайлар санының артуына алаңдаушылық білдіріп отыр.
«Күн ысығанда көптеген баланың уақытын өзен-көлдерде өткізетіні жасырын емес. Шомылу маусымы басталғалы бері су қоймаларында 69 бала суға кетті», - деді ІІМ Профилактикалық қызметті үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.
Қайғылы жағдайлардың басым бөлігі шомылуға арналмаған, жабдықталмаған қауіпті орындарда орын алады. Балалар көбінесе түбі тексерілмеген, ағысы қатты және иірімі бар стихиялы жағажайларға барады. Мұндай орындарда кез келген уақытта қауіп төнсе, құтқарушылардың дер кезінде көмекке келу мүмкіндігі шектеулі болады.
Оқиғалардың тағы бір басты себебі — ересектер тарапынан бақылаудың болмауы. ІІМ Профилактикалық қызметті үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Садановтың айтуынша, ата-аналар немесе бірге жүрген ересектер демалыс кезінде жиі алкогольдік ішімдік тұтынып, балаларды қараусыз қалдырады. Мұндай салғырттықтың соңы орны толмас өкінішке әкеліп соғып жатады.
Құзырлы орган тыйым салынған жерлерде шомылғандар үшін әкімшілік жауапкершілік бар екенін қатаң ескертеді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабына сәйкес, жыл басынан бері ереже бұзған 2 700-ден астам адам жауапқа тартылған.
Тәртіп сақшылары азаматтарды арнайы белгіленбеген жерлерде шомылмауға, балаларға судың суықтығынан тамырдың түйілуі сияқты қауіптерді түсіндіруге шақырады.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61