ҚОҒАМ

Маңғыстаудағы су мәселесі: Әкімдік сапалы ауыз су жеткізу жұмыстарын бақылауға алды

Маңғыстау облысында халықты сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету — аймақ басшылығының басты назарында тұрған өзекті мәселелердің бірі. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңесте өңірдегі су тапшылығын жою және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

Жиынға жауапты басқармалар мен коммуналдық кәсіпорындардың басшылары қатысып, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларының, сондай-ақ Мұнайлы мен Түпқараған аудандарының су жүйелерін ретке келтіру жоспарын бекітті.

Бүгінгі таңда облыс орталығы Ақтау қаласының тәуліктік ауыз суға деген сұранысы 61 мың текше метрден асады. Бұл қажеттілікті өтеу үшін өңірдегі бірнеше ірі кәсіпорын жұмылдырылған: негізгі жүктемені тәулігіне 40 700 текше метр су беретін «МАЭК» ЖШС көтеріп отыр. Бұған қоса, «Каспий» тұщыландыру зауыты 35 мың текше метр, ал «Ақтау» тұщыландыру зауыты 5 мың текше метр су өндіріп, қаланың тіршілік нәрін қамтамасыз етуге үлес қосуда. Сондай-ақ іргелес жатқан Мұнайлы ауданына да тәулігіне 15 319 текше метр ауыз су жүйелі түрде жеткізіліп тұрады.

Су тұтыну деңгейі ең жоғары шегіне жететін уақытта Ақтау қаласының кейбір шағынаудандарында, әсіресе биік қабатты тұрғын үйлерде су қысымының төмендеуі жиі байқалады. Мамандардың түсіндіруінше, бұл қиындықтар сорғы қондырғыларының жұмыс ерекшелігі мен жалпы су жүйесіндегі гидравликалық режимге тікелей байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта пәтерлерге судың тиісті қысыммен жетуін қамтамасыз ету үшін сорғы жабдықтарын реттеу және техникалық жаңғырту жұмыстары жедел қолға алынды.

Өңірдегі су тапшылығын түбегейлі шешудің бірден-бір жолы — жұмыс істеп тұрған тұщыландыру зауыттарының өндірістік қуатын одан әрі ұлғайту. Кеңес барысында бұл бағыттағы инвестициялық жобалар мен жаңа технологияларды енгізу барысы пысықталды. Тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңарту және су тарту жүйелерінің сенімділігін арттыру арқылы алдағы уақытта тұтынушыларға баратын судың көлемі мен сапасын тұрақтандыру көзделіп отыр.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61