ҚОҒАМ
Ауылдық аймақтар мен шағын қалаларды дамыту – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Бүгінде елімізде ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, инфрақұрылымды жаңғырту бағытында кешенді бағдарламалар жүзеге асырылуда, деп жазады Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фотоколлаж: "Азаттық рухы" порталы
Өңірлік даму тұжырымдамасы аясында инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі төмен аймақтарға бюджеттен басым түрде қаржы бөлінуде. Түпкі мақсат – 2029 жылға қарай ауылдарды негізгі игіліктермен қамту көрсеткішін 71%-ға, ал қалаларда 96%-ға жеткізу.
Елді мекендерді көркейтуде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы маңызды рөл атқарып келеді. 2025 жылдың өзінде республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 73 миллиард теңге бағытталып, 226 ауылда жүздеген әлеуметтік және коммуналдық нысандар салынды. Сонымен қатар 180 шақырым жол мен 1 мың шақырым инженерлік желі жаңартылды. Бұл қолдау шағын қалаларды да айналып өтпей, 21 қалада 11,9 миллиард теңгеге жолдар мен инфрақұрылымдық желілерді жөндеуге мүмкіндік берді.
Тұрғындардың өз кәсібін ашып, табысын еселеуіне «Ауыл аманаты» бағдарламасы серпін беруде. Ауыл халқына кәсіпкерлікпен айналысу үшін жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген несие ұсынылады. Агроөнеркәсіп саласы үшін несие 7 жылға дейін берілсе, жеке кәсіпкерлер 2,5 мың АЕК-ке дейін, ал кооперативтер 8 мың АЕК-ке дейін қаражат ала алады. Жоба аясында мыңдаған бастама қаржыландырылып, 2026 жылы шағын бизнес пен лизингті қолдауға тағы 100 млрд теңге бағыттау жоспарланған.
Ауылдық жерлердегі білікті маман тапшылығын шешу мақсатында «Дипломмен – ауылға» бастамасы сәтті жүзеге асуда. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы саласына келген жас мамандарға 100 АЕК көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы беріледі. Бұдан бөлек, баспана сатып алу үшін жылдық 1%-бен 15 жылға дейінгі мерзімге бюджеттік несие қарастырылған. Жас мамандарға қойылатын басты талап – таңдаған ауылында кемінде үш жыл үздіксіз қызмет ету.
Ауылдар мен шағын қалаларға жасалып жатқан мұндай кешенді қолдау өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға тікелей ықпал етеді. Инфрақұрылымның жаңаруы, шағын бизнестің дамуы және жас мамандардың тұрақтауы ауыл өміріне жаңа дем беруде. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бұл жүйелі шаралар аймақтардағы халықтың әл-ауқатын жақсартып, елдің тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61