ҚОҒАМ
Ішкі істер министрлігі "Жол жүрісі туралы" заңдағы өзгерістерге түсініктеме берді. Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өту талабы жаңа ереже емес. Бұл норма 2014 жылдан бастап «Жол жүрісі туралы» заңда қарастырылған.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Каринаның айтуынша, қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері өзара ықпалдастырылған. Соның нәтижесінде азаматтардың медициналық тексеруден өткені туралы ақпарат екі ведомствоның базасына автоматты түрде жіберіледі. Бұл жүргізушілердің қосымша құжат тапсыру немесе анықтама алып келу қажеттілігін жояды.
Министрлік 65 жастан асқан азаматтар мен мүгедектігі бар жүргізушілерге де қатысты түсініктеме берді. Олар бұрынғыдай әр екі жыл сайын медициналық тексеруден өтеді. Тексеру қорытындысы автоматты түрде жүйеге енгізіледі. Сол үшін мемлекеттік органдарға жеке барып хабарлау немесе жүргізуші куәлігінің мерзімін ұзарту үшін қосымша рәсімдерден өту талап етілмейді. Ведомство жүргізушілерге жаңа міндеттемелер жүктелмегенін атап өтті. Артық құжат рәсімдеу қажет емес. Керісінше, цифрлық жүйелердің дамуыі қызмет көрсету рәсімін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ІІМ әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпарат таратудың салдарына назар аударды. Полиция блогерлер мен түрлі ақпараттық парақша әкімшілеріне жалған мәлімет жариялағаны үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Министрлік азаматтарды ақпараттың шынайылығын тексеріп барып жариялауға және ресми мемлекеттік органдардың мәліметтеріне ғана сүйенуге шақырды. Қажет болған жағдайда ведомство түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайын екенін жеткізді.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61