Bugin
Ұлыбритания тергеушілері былтыр Лондондағы қонақүйде қайтыс болған Сауд Арабиясы корольдік әулетінің өкілі Абдулла бин Фахад бин Абдулла бин Абдулазиз бин Жалави Әл Саудтың өліміне қатысты қорытынды жариялады. Мамандардың мәліметінше, 29 жастағы ханзаданың жүрегі алкоголь мен бірнеше психобелсенді затты бірге қолданудың салдарынан тоқтаған, - деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Тергеу деректеріне сәйкес, қайғылы оқиға 2025 жылдың қараша айында Лондондағы Marriott Hotel Kensington қонақүйінде болған. Қонақүй қызметкерлері бөлмеден ұзақ уақыт бойы жауап болмағаннан кейін ішке кіріп, ханзаданы жуынатын бөлменің еденінде қозғалыссыз жатқан күйінде тапқан. Оқиға орнына жеткен мамандар оның көз жұмғанын анықтаған.
Құқық қорғау органдары жүргізген тексеру барысында үшінші тұлғалардың қатысы немесе зорлық-зомбылық белгілері тіркелмеген. Бейнебақылау камераларының жазбаларына қарағанда, ханзада өлерінің алдында қонақүйден қысқа уақытқа шығып, кейін бөлмесіне жалғыз қайтып келген.
Сот-медициналық сараптама оның ағзасынан алкогольдің жоғары мөлшерін, сондай-ақ GHB есірткісін, каннабисті және мазасыздықты емдеуге арналған бірнеше дәрілік заттың іздерін анықтаған. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, осы заттардың бір мезгілде қолданылуы жүректің тоқтауына әкелген.
Іс бойынша шешім шығарған коронер өлімді жазатайым оқиға ретінде бағалап, өзіне қол жұмсау немесе басқа біреудің қасақана әрекеті болғанын дәлелдейтін айғақтар табылмағанын мәлімдеді.
Тергеу құжаттарында ханзаданың қайтыс болуына дейін шамамен үш ай бұрын Лондондағы мамандандырылған медициналық орталықта алкоголь мен есірткіге тәуелділіктен ем қабылдағаны көрсетілген. Емдеу аяқталған кезде дәрігерлер оның суицид жасау қаупі жоқ деген қорытынды шығарған.
Абдулла бин Фахад бин Абдулла бин Абдулазиз бин Жалави Әл Сауд Сауд Арабиясының қазіргі королі Салман бин Әбдулазиз Әл Саудтың туысы болған. Оның қайтыс болғаны туралы ақпаратты өткен жылы Сауд Арабиясының Корольдік соты ресми түрде растаған.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61