ҚОҒАМ
inDrive жүргізушісі телефон арқылы зейнеткерді алдамақ болған алаяқтардың 1,5 миллион теңгені иемдену әрекетінің алдын алды, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: inDrive.com
Өскемендегі таксиде болған жағдай егде жастағы жолаушы үшін барлық жинаған қаражатынан айырылуға шақ қалған оқиғаға айналды. Тапсырысты үшінші тұлға рәсімдеген. Кейін белгілі болғандай, ол – алаяқ болған. Ол қосымшадағы ішкі чат арқылы жүргізушіге көлікке егде жастағы әйел отыратынын хабарлап, жолақысын аудару үшін телефон нөмірін сұраған. Жолаушы көлікке отырған сәттен-ақ жүргізуші Төрежан әйелдің мазасыз күйде екенін аңғарған.
«Көзінен бір нәрсенің дұрыс емес екенін байқадым. Не абдырап қалғаны, не қатты қорыққаны көрініп тұрды. Жол бойы біреу қайта-қайта қоңырау шалып жатты. Әңгімесінің өзі күмәнді естілді», – деп еске алады жүргізуші Төрежан.
Жол үстінде әйел телефон арқылы белгісіз адамға түрлі мәліметтерді айтып, оны «ұлым» деп атаған. Жағдайдың күмәнді екенін сезген жүргізуші бейнежазбаны қосып, жолаушыға тікелей ескерту жасайды. Осыдан кейін әйел қоңырауды тоқтатып, абыржып жүргізушіден мұндай алаяқтық тәсілдердің қалай жұмыс істейтінін сұрай бастайды.
Белгілі болғандай, бұған дейін оған белгісіз біреу хабарласып, банк шотынан дәл қазір ақша шешіп алуға әрекет жасалып жатқанын айтқан. Жинаған ақшасын сақтап қалу үшін алаяқтар зейнеткерді шұғыл түрде банкке барып, қолма-қол ақшаны шешіп, оны «қауіпсіз шотқа» аударуға сендірген. Сонымен қатар олар сапар барысында күмән тудырмас үшін телефондағы адамды міндетті түрде «ұлым» деп атауды тапсырған, жүргізуші мен айналасындағылар ештеңеден күдіктенбейді деп есептеген.
Ол кезде әйелдің банк картасында 1,5 миллион теңгеден астам қаражат болған және ол оны шешіп алуға бара жатқан. Жағдайдың қауіпті екенін түсінген Төрежан сапарды бірден тоқтатып, жолаушының жақындарының байланыс нөмірін анықтап, күйеу баласына хабарласады. Ол енесін үйіне жеткізіп салуды өтінеді. Бірақ бұған дейін жүргізуші алаяқтарға өздерінің әдісімен жауап қайтаруды жөн көреді.
«Әйелден әлгі "ұлын" қайта теріп, телефонды маған беруін өтіндім. Оған жолаушыны жеткізіп қойғанымды айтып, жолақысын төлемейінше ешқайда жібермейтінімді жеткіздім. Алаяқ сол сәтте бір жарым миллион теңгеге қол жеткіземін деп ойлаған болуы керек, бірден маған екі мың теңге аударып жіберді. Кейін өзіне қайта хабарласып, басқаны алдаймын деп жүріп, өзі алданып қалғанын айттым. Ақша дроппердің шотынан келген шығар, бірақ ең бастысы – олар пайда табудың орнына шығынға батты. Бұл олардың есінде ұзақ сақталатын сабақ болды деп ойлаймын», – дейді Төрежан күліп.
Осыдан кейін Төрежан әйелді үйіне жеткізіп салып, бұдан былай бейтаныс адамдармен телефон арқылы сөйлеспеуді, ал қандай да бір күмән туындаса, бірден жақындарына хабарласуды өтінген.
«Ол кісі қатты қуанып қалды. Үйімнің есігі сіз үшін әрқашан ашық екенін айтып, шайға шақырды. Осылайша жылы көңіл-күймен қоштастық», – дейді жүргізуші.
Тапсырыс қабылданған inDrive сервисі жүргізушінің әрекетіне пікір білдіріп, оған лайықты марапатын тапсырып үлгерді.
«Біз Төрежанның азаматтық жауапкершілігіне, сергектігіне және өзгеге бейжай қарамайтын ұстанымына шынайы тәнтіміз. inDrive платформасындағы келісімге негізделген баға моделі ең алдымен адамдар арасындағы ашық қарым-қатынасқа, өзара сенім мен құрметке сүйенеді. Бұл оқиға қауіпсіздік тек ережелер мен технологиялық шешімдерден ғана тұрмайтынын кезекті рет дәлелдейді. Күрделі жағдайда айналаңыздағы адамдарға жанашырлықпен қарап, дер кезінде мән беру кейде ең шешуші рөл атқарады. Біз осындай серіктестердің біздің платформамен бірге жұмыс істейтінін мақтан тұтамыз», – деді Қазақстандағы inDrive бизнесінің басшысы Арай Бекембаев.
Бас прокуратурасының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 6,1 мыңнан астам адам телефон алаяқтарының құрбаны болған. Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, 60 жастан асқан азаматтар, 18–30 жас аралығындағы жастармен қатар, басты қауіп-қатер тобына кіреді.
Қауіпсіздік сарапшылары алаяқтарды бірнеше негізгі белгі арқылы тануға болатынын ескертеді. Ең алдымен, ресми қаржы жүйесінде қаражатты қорғауға арналған «арнайы» немесе «қауіпсіз шот» деген ұғым жоқ екенін есте ұстаған жөн. Егер өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстырған адам ақшаңызды осындай шотқа аударуды талап етсе, бұл – алаяқтықтың айқын белгісі.
Тағы бір күмән тудыратын жағдай – қоңырау шалушының үшінші тұлғалардың көзінше өзін «ұлым», «немерем» немесе «банк қызметкерімін» деп атауды талап етуі. Мұндай әрекеттер әдетте айналадағы адамдардың күдігін сейілту үшін қолданылады.
Кез келген күмәнді жағдайда асығыс шешім қабылдамаған дұрыс. Әңгімені тоқтатып, жақындарыңызға немесе банкке картаның артқы бетінде көрсетілген ресми байланыс нөмірі арқылы өзіңіз хабарласқан жөн.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61