ҚОҒАМ
Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту бағытындағы халықаралық жобалар кеңейіп келеді. «Firebird» компаниясы Екібастұзда «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, қуаты 125 МВт болатын «Data Center Valley» жобасын іске асыруда, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Жоба Қазақстанның жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымын қалыптастыруға және елдің жаһандық AI экономикасындағы орнын нығайтуға бағытталған.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев Арменияның Раздан қаласында «Firebird» компаниясының AI-кампусының алғашқы кезеңінің ресми ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шарада Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, NVIDIA негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Дженсен Хуанг, NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян, АҚШ Үкіметінің және халықаралық технологиялық компаниялардың өкілдері болды.
Армениядан кейін Қазақстан компанияның халықаралық нарықтағы екінші бағытына айналды.
Жобаны іске асыру үшін Қазақстан Үкіметінің қажетті келісімдері алынған. Сонымен қатар технологиялық жабдықтарды жеткізуге қатысты АҚШ Сауда министрлігінің Өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросынан экспорттық рұқсат берілген.
NVIDIA негізін қалаушы және CEO Дженсен Хуанг өз сөзінде Қазақстан мен Армениядағы жобалардың маңызын атап өтті.
«Firebird-пен бірлесіп құрылып жатқан AI-инфрақұрылым зерттеушілерге, стартаптарға және бизнеске ел ішінде жасанды интеллект технологияларын дамытуға қажетті есептеу ресурстарын ұсынады. Сондай-ақ халықаралық инновациялық компанияларды тартуға мүмкіндік береді», - деді Дженсен Хуанг.
Жаслан Мадиевтің айтуынша, мұндай жобалар Қазақстанда ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.
«Firebird» компаниясы халықаралық ауқымдағы экспансиясын жалғастыруды жоспарлап отыр. Компанияның мәліметінше, 2028 жылдың соңына қарай Армения, Қазақстан және басқа да нарықтардағы жаһандық AI-инфрақұрылымының жиынтық қуатын 2 ГВт-қа дейін жеткізу көзделген.
Қазақстанда халықаралық компаниялардың деректері мен цифрлық инфрақұрылымын қауіпсіз орналастыруға қолайлы жағдай жасалуда. Сондай-ақ жаһандық технологиялық бизнеске арналған ортаны жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі уақытта Қазақстан жоғары өнімді есептеу жүйелерінің халықаралық желісіне қосылып, Орталық Азиядағы жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған перспективалы алаң ретінде өз дәрежесін нығайтып келеді.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61