ҚОҒАМ

Қазақстанда 2 миллион теңгеге дейін жалақы беретін жұмыс орындары ұсынылды

2026 жылғы шілдеде Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 104,6 мың бос жұмыс орнын жариялады. Осы кезеңде 141,2 мың азамат өз түйіндемесін орналастырған. Маусым айымен салыстырғанда еңбек нарығындағы вакансиялар саны 3,8%-ға азайса, жұмыс іздеушілердің ұсынысы 11,5%-ға өскен, деп жазады Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

Еңбек нарығындағы шілде айындағы өзгерістер жаз мезгіліне тән маусымдық үрдістермен байланысты. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл кезеңде оқу орындарын тәмамдаған түлектердің еңбек нарығына белсенді шығуы жұмыс іздеушілер санының артуына ықпал еткен.
 
Өңірлер бойынша жұмыс берушілер ең көп бос жұмыс орнын Астана қаласында ұсынған – 8,8 мың. Одан кейін Түркістан облысында 7,6 мың, Павлодар облысында 7,1 мың, Алматы қаласында 7 мың және Ақмола облысында 6,9 мың вакансия тіркелген.
 
Біліктілік деңгейі бойынша ұсыныстардың ең үлкен үлесі орта деңгейдегі мамандарға тиесілі. Мұндай вакансиялар еңбек нарығындағы сұраныстың 38,8%-ын құрайды. Төмен біліктілікті қызметкерлерге арналған жұмыс орындарының үлесі – 30,7%, ал жоғары білікті мамандарға арналған вакансиялар 30,5%-ды құрады.
 
Сонымен қатар еңбек нарығында жалақы деңгейі жоғары жұмыс орындары да бар. Қазіргі уақытта Enbek.kz платформасында 300 мың теңгеден жоғары жалақы ұсынылатын 11 мыңнан астам вакансия жарияланған. Ең жоғары жалақы негізінен білікті кадрларға арналған.
 
Атап айтқанда, IT саласында жалақы 2 млн теңгеге дейін, өндірісте 1,7 млн теңгеге дейін, құрылыста 1,2 млн теңгеге дейін жетеді. Ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау салаларында 1 млн теңгеге дейін, ал білім беру саласында 750 мың теңгеге дейін айлық жалақы ұсынылады.
 
2026 жылдың басында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 709 мың бос жұмыс орны және 877,2 мың түйіндеме орналастырылған. Бұл көрсеткіштер жыл басынан бері еңбек нарығында жұмыс берушілер ұсынысы мен азаматтардың жұмысқа орналасуға деген белсенділігінің жоғары екенін көрсетеді.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61