ҚОҒАМ

Жамбыл облысында агросалаға 63,1 миллиардд теңге инвестиция салынады

Жамбыл облысында 2026 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған құны 63,1 миллиард теңге болатын 22 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Жобалар мал шаруашылығы, сүт өндірісі, құс шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау бағыттарын қамтиды, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөз

Атап айтқанда, ірі қара және ұсақ малға арналған алты бордақылау алаңы мен төрт сүт фермасын салу жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Бірқатар жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін негізге ала отырып, агроөнеркәсіптік кешен бастамаларына жеңілдетілген несие беру тетігі арқылы жүзеге асырылуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірасыл Желеубаевтың мәліметінше, өңірде жалпы сыйымдылығы 65 мың басқа арналған үш қой бордақылау алаңын салу жоспарланған. Сонымен бірге 15 мың басқа есептелген үш ірі қара бордақылау алаңы бой көтереді.

Аталған алты жобаның жалпы құны 15,4 миллиард теңгені құрайды. Оларды қаржыландыруға 4,7 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие қаражаты қарастырылған. Қазіргі уақытта құны 1 миллиард теңге болатын, 10 мың басқа арналған бір жоба қаржыландырылды. Жоспарланған нысандар толық іске қосылған жағдайда өңірдегі ет өндірісінің көлемі артады деп күтілуде.

Сүт өндірісін дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Облыста жалпы құны 7,7 миллиард теңге болатын, 1 862 басқа арналған төрт тауарлы-сүт фермасы салынуда. Жобаларды жүзеге асыру үшін 4,3 миллиард теңге жеңілдетілген қаржы бөлінді. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін өңірдегі сүт өндіру көлемі 6,5 пайызға ұлғаяды деп болжанып отыр.

Құс шаруашылығында да жаңа өндірістік қуат іске қосылады. «Гакку Құс» ЖШС жылына 10 миллион инкубациялық жұмыртқа өндіруге мүмкіндік беретін репродуктор салуды бастайды. Инвестициялық жобаның құны 4 миллиард теңгені құрайды, оның 3 миллиард теңгесі жеңілдетілген несие есебінен қаржыландырылған. Жобаның іске қосылуы өңірдің инкубациялық өнімге деген қажеттілігін жергілікті өндіріс есебінен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, TRZ AGRO ЖШС жылына 12 мың тонна өнім сақтауға арналған көкөніс сақтау қоймасын пайдалануға берді. Жобаның жалпы құны 1,8 миллиард теңгені құраса, оның 995 миллион теңгесі жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылды.

2026 жылдың басынан бері Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласына 122,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 есеге жоғары көрсеткіш.

Өңір ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен 115 миллиард теңгелік жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындады.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61