ҚОҒАМ
Қазақстанда заңсыз шығарылған капиталды мемлекетке қайтару науқаны нақты әлеуметтік және инфрақұрылымдық нәтижелерін бере бастады. Бүгінгі таңда елге 1,1 триллион теңгеден астам актив қайтарылып, оның негізгі бөлігі Арнайы мемлекеттік қорға бағытталды. Осы қордан бөлінген 617,7 миллиард теңге еліміздің өңірлеріндегі 500-ден астам маңызды жобаны қаржыландыруға жұмсалуда, деп хабарлайды Bugin.kz Үкіметтің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінің фотосы
Қайтарылған қаражат қай салаларға және қалай бөлініп жатыр? Өңірлердегі басты өзгерістерге шолу ұсынамыз.
Қордан ең көп қаржы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бөлінді. Бұл бағыттағы 267 жобаны жүзеге асыруға 226,5 миллиард теңге бағытталған:
Ақмола облысы: Өңірдегі су инфрақұрылымын дамытуға 23 миллиард теңгеден астам инвестиция салынып, 32 жобаның арқасында ондаған елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.
Солтүстік Қазақстан облысы: 14,9 миллиард теңгенің 28 жобасы аяқталып, Айыртау, Есіл, Мамлют, Тайынша және Шал ақын аудандарының 30-дан астам ауылы таза суға қол жеткізді.
Абай облысы: 15 жобаның нәтижесінде 20 мыңға жуық ауыл тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Алматы қаласы: Қайрат, Ақжар, Ақбұлақ, Боралдай және Қарағайлы шағынаудандарында су және кәріз желілерін салу жұмыстары жүргізілді.
Медицина саласында 176,8 миллиард теңгеге 191 жоба мақұлданды. Қаржы ауылдық жерлердегі бастапқы медициналық көмекті дамытуға да, қалалардағы жоғары технологиялық орталықтарға да бағытталуда:
Шығыс Қазақстан облысы: Риддер қаласында 200 орындық заманауи көпбейінді аурухана пайдалануға берілді, сонымен бірге жаңа Гематология орталығының құрылысы жүріп жатыр.
Маңғыстау облысы: Ақтау қаласында жаңа жедел медициналық жәрдем станциясы ашылды.
Қарағанды облысы: 6,9 миллиард теңгеге алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 51 нысан бой көтерді немесе қайта жаңартылды.
Қостанай облысы: Перелески ауылында дәрігерлік амбулатория, Жітіқарада жаңа емхана іске қосылды. Арқалық өңірлік ауруханасы жаңартылуда.
Ауылдық аймақтар: «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында еліміз бойынша 145 бастапқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынды.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға 43 миллиард теңге бөлініп, 8 ірі жоба қаржыландырылды. Негізгі назар өңірлік әуе қатынасын қалпына келтіруге аударылған:
Балқаш әуежайы: 946 миллион теңгеге реконструкция жасалып, өткізу қабілеті сағатына 80 жолаушыға дейін артты. Нәтижесінде Астана мен Алматы бағытында тұрақты рейстер жолға қойылды.
Арқалық әуежайы: Жаңа екі қабатты терминал салынып, 2,5 шақырымдық ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өтті. Мұнда Қостанай, Астана және Алматы қалаларына тұрақты әуе қатынасын ашу жоспарланған.
Бұқаралық спорт пен білім беруді қолдау да басты назарда:
Спорт (67,5 млрд теңге): Көкшетауда соңғы үлгідегі көпфункционалды спорт кешені, Зеренді ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Астанада Қ. Мұңайтпасов атындағы стадион реконструкциядан кейін қайта ашылып, «Қазақстан» спорт сарайын жаңғырту жалғасуда.
Білім беру (64,4 млрд теңге): Петропавлда жаңа мектеп пен 280 орындық балабақша, Шымкентте арнайы мектеп-интернатқа арналған 300 орындық жатақхана бой көтерді. Абай, Ұлытау, Жамбыл және Қостанай облыстарында жаңа оқу орындары салынды. Сонымен қатар Арқалық педагогикалық институтының ғимараты толық жаңартылды.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңа өнеркәсіп орындарына инфрақұрылым (жол, жылу, нөсер кәрізі, байланыс) тартылуда. Жамбыл, Қарағанды және Абай облыстарында жылу, газ және электрмен жабдықтау желілері мен қазандықтарды жаңарту есебінен энергетикалық жүйенің тұрақтылығы арттырылуда.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61